Алматылық мұғалім үш миллион теңгенің сертификатын ұтып алды

Алматы облысы Қарғалы ауылының мұғалімі Президент грантына ие болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жуырда үш миллион теңгенің сертификатын физика пәнінің ұстазы Бақытәлі Дәулешярға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне орай табыс еткен болатын. Ауыл мұғалімі бұл грантты «Биомеханикалық протез» жобасы үшін ұтып алған. Бақытәлі Дәулешярдың сыйлығы да маңызды, ал оның тарихы тіпті әсерлі. Әуелі оның әріптесі Алма Маханова 2020 жылы «Қазақстан ұстазы» ұлттық премиясына қатысып, мектепке 1,5 млн теңге көлемінде сыйлық ұтып әпереді. Оның ішінде 3D принтер де бар еді. Оны Алма Қаныбекқызы әріптесі Бақытәліге табыс етеді. Одан біраз бұрын оқыс жағдай болып, Алманың ұлы Мирас 4 саусағынан айырылып қалады. Бақытәлі жаңа аппаратты пайдаланып, протез жасап береді.

Алма Маханова, Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің педагог-шебері:

– Негізі саусақтары болған. Оқыс жағдай болды да. Үйде істеп жатқан еттурағышқа саусағын тығып алған. Ол кезде кішкентай, қолы толық кіріп кеткен де, саусақтарын жұлып үлгерді. Баланың арманы бар еді, соған істеп бере алсаң ба, деп өтініш жасадық. Тырысып, талпынып, бір айдың ішінде жасап берді.

Бақытәлі Дәулешяр, Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі:

– Өзім де қызықтым оған, қалай болар екен, деген секілді. Сөйтіп 3D принтерді жақсылап көрдім, қалай қозғалтады оны, модельдерін қалай жасайды деген сияқты. Сосын 3D принтерді жақсылап үйреніп болғаннан кейін жаңағы апайымыздың баласына протезді жасадым. Жасадым деген сөз оңай ғой енді. Біраз қиындықтар кездесті.

Жұмыс біткеннен кейінгі бақытты сәт бәрінің есінде. Бала Мирас есіктің тұтқасын ашып көріп, әр түрлі заттарды ұстап,  қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Қазір осы протез қолын өзінікіндей игеріп кетті.

Мирас Азаматұлы, оқушы:

– Мен 4 жылдан бері каратэмен айналысам. Дене жаттығуларын жасаймын. Велотренажерда жүгірем. Сол кезде протез көмектеседі. Осымен әр түрлі нәрселерді ұстай алам. Қолымды бүксем, ол бүгіледі, өзіме икемдеп жұмыс істей берем. Осындай бақыт сыйлаған Бақытәлі ағайға рахмет! Бұл маған керек дүние!

Президент берген грантқа Бақытәлі ұстаз бұл жұмысын әрі қарай дамытпақшы. Енді протезді жүйке талшықтарымен байланыстырып, әр саусағы жеке қимылдайтын, бұлшықет қимылын сезетін кәдімгі қолға жетеқабыл қылсам дейді.

Бақытәлі Дәулешяр, Ә.Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі:

– Менің мынау жасаған протезм Ресейде 700-800 мың теңге тұрады. Ал датчикпен жасалатын протез болса, ол 13 млн-нан жоғары болады. Егер жасалып кетсе, өзіміздің Қазақстанда 2-3 есе арзан бағада жасап, осындай кісілерге беруге болады.

Бұл жоба жүзеге аса ма, жоқ па, әлі белгісіз. Бірақ үміт зор. Бір қызығы – Бақытәлі Даулешярдың бұдан басқа атқарған ісі көп. Физика кабинеті қолмен жасалған көрнекі құралдарға толып тұр. Қол тигізбей-ақ дыбысқа реакция танытып, өзі ашылып-жабылатын мына қоқыс шелек өндіріске шықса, сұраныс көп. Қараңғыда өзі жанып, жарықта өше қалатын көше шамы да қызығушылығымызды тудырды. Мектеп қоңырауын қосып-өшіріп жатқан ешкім жоқ, бәрі автоматты түрде өзі істейді. 4 жылдан бері Бақытәлі талай додаға қатысып, жеңімпаз атаныпты. Былтыр бір сыныптағы 25 оқушының 20-сы ҰБТ-дан физиканы таңдаған. Жеңістердің ішіндегі жеңіс – шәкірттердің шырағын жағу.

Авторлары: Кәмшат Әбілқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев