«Тәуелсіздік ұрпақтары»: сырбойылық мұғалім грантқа ие болды

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарды қолдау мақсатында Президент тапсырмасымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындалған. Осы бәйгеде озып шыққан 30 жастың бірі сырбойылық Айсана Намурадин «Медиа» бағыты бойынша жеңімпаз атанды. Ол ұсынған жобаның ерекшелігі қандай? 

3 млн теңге. Айсанаға «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын мемлекет басшысы табыстады. Президенттің қолынан марапат алып тұрған мына бір тарихи сәт ол қызмет істейтін мектеп үшін мақтанышқа айналғандай. Дегенмен, байқаудың жеңімпаздарына жүктелетін жүк те жеңіл емес. Айсана гранттық қаржы негізінде қағаз бетіндегі жобасын іс жүзіне асыруды ойлап жүр. Ол мектеп қабырғасынан коворкинг орталығын ашпақ.

Айсана Намурадин, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:

- Коворкинг орталығының ішінде бір бөлігінде кітаптар болады. Тарихи, әдеби, шетел әдебиеттерінен аударылған кітаптар. Биыл «Оқуға құштар мектеп» жобасы ұсынылған болатын. Сол жобаға байланыстырып, әдейі бір бөлігін кітаптармен қамтамасыз етейін деп отырмын. Одан кейін бір бөлігінде спорттық – шахмат, тоғызқұмалақ, стол теннисі секілді. 

Мұнан бөлек қолөнер үйірмесі мен театр өнеріне баулу ерекшеліктері де осы жоба аясында қамтылған. Бұған дейін Айсана мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау және ағылшын тілін тегін оқыту мақсатын көздеген жобалар әзірлеп, екі мәрте 300 мың және 500 мың теңгелік гранттарды жеңіп алған. Білім саласындағы жаңа идеяларға жетелейтін бастамаларға шәкірттерін де баулып жүр екен.

Жанель Қонысбай, оқушы:

- Мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы қызығушылығын арттыру, қабілеттерін арттыруға біз жұмыс атқарған болатынбыз. Олардың қолөнермен, спортпен, шұғылдануын қызықты өткізе алдық деп ойлаймын. 

Мектеп қабырғасында түрлі білім бәйгелеріне қатысып жүрген оқушылар мен ұстаздар аз емес. Дегенмен, ең Ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы ірі жеңістің қашанда орны бөлек. Айтулы қолдау аясында білімпаз жастарға жасалатын жағдай – жетістіктерімізді еселей түсуге себеп болады деп сенеміз, дейді ұстаздар.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов