Қостанай облысындағы Қарабалық ауданында алғашқы қазақ мектебі салынып жатыр

Мектеп құрылысына 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Білім мекемесі келер жылдың жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беріледі.

Қарабалықта қазақ мектебі 14 жыл бұрын ашылған. Оның өзінде бөлек ғимарат болып емес, жергілікті колледждің бір бұрышынан пана тапқан. 

Асқар Бисенов, М. Сералин атындағы Қарабалық негізгі мектебінің директоры:

- Бұл мектеп 2007 жылы агртоехникалық колледждің бейімделген ғимаратынан ашылған. Ол кезде 156 оқушымен кірдік және 28 мұғаліммен. Бұл жерде спорт залы болған жоқ еді. Сол 7 жыл бойы спорт залы болмай, 2015 жылы жаңадан спорт зал салынды. Одан кейін оның жылу құбыры қиындық туғызған. Мектеп кішкене салқын болатын.

Ғимарат мұғалімдер мен оқушылар үшін ыңғайсыз. Кабинеттер зертханалар үшін бейімделгендіктен өте кең. Әрі терезелерден күн сәулесі өтпейді. Ал жаңа мектеп балалардың көптен күткен арманы.

Алтынай Өмірзақова, оқушы:

- Қазіргі мектепте 1-сыныптан бастап оқимын. Ал соңғы екі жылдық оқуымды жаңа мектепте жалғастырамын және бұған өте қуаныштымын. Өйткені жаңа мектепте жаңа құрылғылар, заманауи технологиялар болады.

Сонымен бірге бейімделген мектеп ауыл шетінде орналасқандықтан балалар мен ата-аналарға жетудің өзі қиямет-қайым. Елді мекен ішінен автобус жүрмейді. Ал такси жалдау мол шығын.  

Айнұр Сақтабергенова, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Бес балам оқып жатыр. Мектепке күнделікті келіп жүреміз. Таңғы 8-де сабақ басталып жатса, бізге 7-де тұрып балаларымызбен жету кеш болады. Кейде жаяу келіп жатамыз. Жағдайымыз болғанда такси шақырып жүреміз.

Жаңа мектеп ауыл орталығында салынып жатыр. Мердігер желтоқсанның соңына дейін бірінші қабатты толық тұрғызып, қыс бойы ішкі әрлеу жұмыстарын жасайды. Қазір жертөледе су, жылу жүйелерін тарту жұмыстары қыза түскен.

Болат Изенов, Қарабалық ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Мектеп екі қабаттан тұрады. Құрылысы жоспар бойынша іске асып жатыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болғанда жұмыстарға бірден кірістік.

Қарабалық ауданында мемлекеттік тілде білім алуға ниетті балалар көп. Жаңа мектеп 320 орынға шақталады. Бұл жерде жақын маңдағы ауылдардың балалары да оқи алады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров