Оралда апатты деп танылған мектеп орнына жаңа ғимарат салынды

Жаңа жыл қарсаңында білім ордасы ашылып, шағын аудан тұрғындары зор қуанышқа кенелді, деп хабарлайды Хабар 24.

Қаладағы №33 мектептің бұрынғы ғимараты әбден тозып, қабырғалары қақырап кеткен еді. Іші суық болғаны өз алдына, төбесі құлаудың аз-ақ алдында тұрған. Бірер жыл бұрын нысан жабылып, балалар басқа мектепке көшірілді. Кейін жаңа ғимарат құрылысы қолға алынып, биыл толықтай аяқталды. Енді оқушылар алысқа бармай-ақ шағын аудандағы білім ордасына қайта оралады.

Әсел Шәріпова, қала тұрғыны:

– Бүгін біз үшін өте керемет күн. Бұл күнді біздер - ата-аналар, мектеп ұжымы, ұл-қыздарымыз көптен бері күттік. Үш жыл бойы қиындықтар, әрине, болды. Ата-ана ретінде ол көзге көрінеді күнде-күнде. Ол – жол, тасымалдау, мектептің үйдің қасынан қашықтығы. Енді бәрі артта қалды. Атсалысып жатқан мекемелерге рахметімізді айтамыз.

Жаңа ғимарат 300 орынға шақталған. Жоба аясында мектептің материалдық-техникалық базасы түгелімен жаңартылды. Мұнда 51 педагог қызмет атқарады. Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қарастырылған.

Үміт Ерғалиева, мектеп директоры:

– Бұл ғимаратта 43 оқу кабинеті бар. Робототехника кабинеті, smart кабинеті, медиа кабинеті, ұлттық кабинет жабдықталған.19 интерактивті тақта және интернет желісіне қосылған. Бүгінгі таңда оқушыларымыз екі ауысымда оқиды. Қосымша үйірмелер ашылады, қосымша қызметкерлер тартылады.

Сонымен қатар ғимарат ішінен 50 бөбекке арналған шағын орталық ашылады. Бұл да ықшам аудан тұрғындарына жағымды жаңалық болды. Шаһарда қазір 50 мектеп бар. Биыл бір білім ордасы мен бір балабақша күрделі жөндеуден өткен. Апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді.

Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

– Бортау ауылындағы №18 мектеп үш ауысымда оқитын меткеп еді. Сол мектептің де құрылысы салынып, осы 2022 жылдың бірінші кварталында беріледі деп отырмыз. Орал қаласы бойынша Зачаганск ауданында бірнеше мектеп үш ауысымда оқиды. Оның бірі – №20 мектеп еді. Ол мектепті қасындағы басқа ғимаратқа көшірдік жартысын. Қазіргі таңда мемлекеттік емес, яғни, инвесторларды тарту арқылы да мектептер салу жоспарланып жатыр.

Ауылдық жерлерде де кезек күткен апатты мектептер бар. Биыл облыста 8 білім ордасының құрылысы басталған еді.

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда екі меткепті іске қосып отырмыз. Келесі жылы 6 мектеп іске қосылады. Жалпы облысымыз бойынша 7 апатты және 4 үш ауысымды мектебіміз бар.

Аймақта білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ең басты міндет – үш ауысымды және апатты мектептерді толықтай жою.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов