Биыл «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданды

Сапалы білім. Саладағы басты ұран осы қазір. Ұлттық жоба қабылданды. ЖОО-ның саны қысқарып жатыр. Мектептегі қауіпсіздік негізгі орында. Өтіп бара жатқан жылда білім саласында тағы қандай өзгерістер болды?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Көптен күткен әліппе қайта оралды. Биылғы оқу жылындағы ең басты жаңалық осы. Көзді ашып жұмғанша оқушылар әріп танып, алғашқы сауатын ашқан кітабымен қоштасып та үлгірді. Жалпы білім әлеміндегі ең әсерлі, ең ұмытылмас шақ осы шығар. 

Жоғарғы білім сапасын арттыру да өзекті. Осы ретте құзырлы министрлік қыруар жұмыс атқарды. Нәтижесінде 61 ЖОО 500-дей лицензиядан қағылды. Яғни олар дайындаған мамандықтар талапқа сай болмай шыққан. Бұдан бөлек... 

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:

- ЖОО толығымен қызметін тоқтатты. Онда оқыған 100 мыңнан аса студенттер басқа ЖОО ауыстырылды. Әрине ауыстыру барысында министрлік өз тарапынан көмек көрсетіп, басқа ЖОО бірлесе отырып, осы студенттерге олардың білім беру бағдарламаларын айқындауға, пәндерін оқуға, оқу ақысын сақтауға, грант негізінде оқыса, гранты міндетті түрде сақталады. Сондықтан бұл жерде жүйелі жұмыс жүргізілді.

Жабылған университет құрылтайшылары студенттерінің құжатын мұрағатқа тапсыруы керек. Әрине білім орындарының құзіреті мен әлеуеті бірнеше жыл тексерілген. Енді тиісті лицензияны шекті мерзімге ғана беру ұсынылды. Ал түлектердің білім сапасы құзырлы министрлік пен «Атамекен ұлттық кәсіпкерлік палатасы» жүргізген рейтингте сыналады. Алғашында жұмыс берушілердің 20 проценті ғана жаңа мамандардың біліміне көңілі толатын айтқан.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:

- Үш жылды қорытындылай келе біз не көріп отырмыз? Ең бастысы, түлектердің жұмысқа орналасуы жоғарылап келе жатыр. Өз бағыттары бойынша жұмыс тауып жатыр. Екіншісі жұмыс берушілердің байқауынша, білім беру бағдарламалары да өскен екен.

Маман демекші, биыл волонтерлікпен айналысатын 1200 ЖОО, 592 колледж студентіне 70 мың теңгеге дейін ақша төленді. Бұл үшін бюджеттен 53 млн теңге бөлінген. Волонтерлерді қолдау олардың болашақтағы бағытын айқындауға көмектесері анық.

Алпамыс Сатыбалдин, қаржы орталығының департамент директоры:

- 2019 жылы елімізде әлеуметтік қызметпен айналысатын студентке стипендиясын 30 процентке көбейтсін деген болатын. Бірақ тек ғана грантта оқитын студенттер емес, барлық студент бізде волонтерлік қызметпен айналыса алады. Барлығына теңбе-тең көзқараспен қарау үшін 70 мың теңге ол орташа стипендияның 30 проценті болып табылады. Оны әлеуметтік студенттік кредит деп атаған болатынбыз. 

Биыл «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл арқылы алдағы бес жылда сапалы білім алуға қолжетімділік кеңейетінін мәлімдеді.

Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшы, Ерлан Наурызбаев