Ел бойынша 58 мектепте интернет мүлде жоқ

Бұл мектептер интернетке әлі қосылмаған. 192 мектепте оның жылдамдығы өте төмен, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлйеменова мәселе көтеріп, білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке сауал жолдады.

Халық қалаулысының айтуынша, қазір елде білім беруге арналған бес платформа белгіленген. Олар төтенше жағдай кезінде 3 миллионнан астам оқушыға сапалы білім беру керек. Алайда көп мектепте интернет жоқ. Интернет сапасына байланысты министрліктің нормативтік құжаттарында әртүрлі параметрлер көрсетілген. Бұл ауыл мен қала мектептерінде цифрлық теңсіздікке әкеледі. Сондықтан депутат министрлікке бірнеше ұсыныс жасады.

Жұлдыз Сүлейменова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бірыңғай білім беру онлайн-платформасына сапалы білім беру контентін интеграциялауды және әдіснамалық сүйемелдеу жұмыстары жалғастырылсын;

– Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептер үшін Интернет сапасына қойылатын талаптар қайта қарастырылсын;

– Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесіп, жаңа бағдарламалық өнімдердің талаптарын ескере отырып, байланыс арналары мен қолда бар жабдықтардың мүмкіндіктерін бағалау қайта қарастырылсын.

– Педагогтар мен оқушылардың білім беру ортасында цифрлық теңсіздікті төмендетуге байланысты ведомствоаралық кешенді іс жоспар әзірленсін.