Педагогтар бір күндік жалақысын «Қазақстан халқына» аударуға міндеттелмейді – ҚР БҒМ

ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогтарды бір күндік жалақысын «Қазақстан халқына» аударуға міндеттеу туралы желіде таралған пікірлерді жоққа шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл туралы ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді.

«Қайырлы күн! Әлеуметтік желілерде педагогтер мен оқытушыларды «Қазақстан халқына» қорына қаражат аударуға міндеттеу туралы пікірлер жазылып жатыр. Мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, БҒМ-ге қарасты жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері қорға ақша аударуға міндеттелмейді. Білім ұйымдарының басшылары хабардар. Дегенмен, мұндай мәселе туындап жатса, маған жаза аласыздар», – деп жазды ведомство өкілі Мөлдір Әбдуалиева Facebook парақшасында.