Павлодарда көру қабілеті нашар балаларға арналған тактильді кітап қоры ұлғаяды

Ертіс өңірінің оқушылары тактильді кітаптарды әзірлеу технологиясын меңгерген. Көзі нашар көретін балаларға арналған оқу құралдарын жасауда мектеп жасына дейінгі ұл-қыздардың қажеттіліктері ескерілген. Оқушылар мен мұғалімдердің мақсаты - инклюзивті білім берудің дамуына атсалысып, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің қоғамға тез бейімделуіне атсалысу. Енді бұл игі істің нәтижесі қандай екен?

Тактильді кітаптар жасау бастамасын Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ұжымы көтерген. Алдымен әдіс-тәсілін меңгеріп, оқушыларға үйрете бастады. Бұл іске олар асқан қызығушылықпен кірісті. Әдіс балалардың қол моторикасын дамытумен шектелмейді. Ең бастысы, көру қабілеті нашар қатарластарына көмектесу.

Игнатий Солдатенко, оқушы:

 - Мен «Ф» әрпін жасадым. Ол әдемі болу үшін макарондарды қолдандым. Оны сары, қызыл, жасыл түске боядым. Сосын оны қатты қағазға жабыстырдым. Осындай әдемі әріп пайда болды. Мамам да көмектесті.

Мектепте мүмкіндігі шектеулі 10-ға жуық оқушы бар. Оқу үрдісінде ерекше жандарды қоғамға бейімдеуге басымдық берілген. Әсіресе, көру қабілеті нашар жеткіншектер басты назарда. Көзі нашар көретін балалар айналаны қолдың ұшымен сезеді. Сондықтан кітап жасауда зиянсыз материалдар пайдаланды.

Ксения Галиева, мұғалім:

 - Біз әліпби әзірледік. Құралды көзі нашар көретін балаларға береміз. Олар заттардың пішінін сезіп, ұстау арқылы танысады. Елімізді тактильді кітаптар құрастыру теориясы туралы материалдар жоқтың қасы. Бастауыш сынып оқушыларына арналған осы тектес құралдар тым аз. Бұл олқылықтың орнын толтыруға тамшыдай болса үлесімізді қосқымыз келеді. 

- Бұл жерде «қ» деген әріп болады... 

Игі іске болашақ музыканттар да атсалысты. Оқушылар мүмкіндігі шектеулі балаларды ұлттық аспаптармен таныстырғысы келді. Кітап арқылы ұл-қыздар саусақтың ұшымен қазақ музыкалық аспаптарының пішінін барынша сезе алады.

Еркеназ Советбек, оқушы:

 - Біз оны картоннан, шектерін жасау үшін леска, солармен бірге жасадық. Балалар әріптерді оқи алатындай қылып, оларға моншақтарды қойдық. Біз оны шын жүректен, балалар білсін, қандай аспаптар бар, соның бәрін біліп, оның пішінін, қандай, неше пернесі бар, соның бәрін білсін деп істедік.

Мектеп оқушылары аз уақыт ішінде ондаған оқу құралын жасап үлгірді. Кітаптарды облыстық көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы кітапхананың қорына тапсырды. Енді құралдар 400-ге жуық көз мүгедектігі бар балаға қолжетімді. 

Айнагүл Қожаханова, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың бөлім басшысы:

- Қоғамды көз мүгедектігі балаларына ғана емес және де ересек адамдарды бірге тарта отырып, көз мүгедектері балаларына көзқарасын өзгерту қоғамның. Оларды дені сау балалармен бірге алып жүру. Қолдың сезімталдығына күшті әсер ететін материалдар арқылы.

Арнайы кітапхананың 1800-ге жуық ерекше оқырманы бар. Олардың 23 проценті мектеп оқушылары. Қордағы кітаптардың барлығы дерлік ересек адамдарға арналған. Ал кішкентай балалар қолданатын құралдардың үлесі жеті проценттен аспайды. Мәселені біртіндеп шешу үшін тактильді кітаптарды әзірлеу жобалары жалғасын таба бермек.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат