Қазақ ертегісі әлем тілінде сөйледі

Француз анимация мектебінде оқитын Доминика Қыдырбаева «Әуезханның 40 ұлы» атты қазақ ертегісінің ағылшын және француз тіліндегі аудионұсқасын жасап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Студент қыз бірнеше ай көз майын тауысып, ертегінің суретін салған. «Баяғыда Әуез деген ханның қырық ұлы болыпты. Хан балаларына қырық келін іздепті», деп басталады ертегі. Суреттердің авторы кейіпкерлердің бейнесін ұлттық нақышта барынша тартымды етіп жеткізуге тырысқан. Кадр сыртындағы қоңыр үнді диктордың даусымен бірге құлақтан кіріп, бойды алар тәтті күйде естіледі.  

Доминика Қыдырбаева, студент:

– Қазақ ертегілерінің француз тіліндегі аудармасын пайдаланып, оған жаңаша сипат бердік.  Алғашқыда жоба 4 айда бітеді деп ойладық. Француз тілінен бөлек ағылшын және орыс тілдеріндегі аудионұсқаларын шығару идеясы туындап, 8 айда аяқтадық.

Доминика Францияның оңтүстігіндегі Ангулема қаласында 2D анимация мектебінде үшінші курста оқиды. Мектеп мультипликация бойынша әлемдегі озық оқу орындарының бірі саналады. Өнерлі жас барлық образ бен суреттерді жалғыз өзі жасаған. Оған Қазақстанның Ұлыбританиядағы және Франциядағы елшіліктері, сондай-ақ «Шығыс пен Батыс арасында көпір орнату» жобасының жетекшісі қолдау көрсеткен.

Лариса Инджуджян, жобаның үйлестірушісі:

– 1982 жылы менің жұбайым француз тіліне тәржімалаған қазақ ертегісінің негізінде осы жобаны жүзеге асырдық. Ол алғашқыда ересектерге арналып аударылған болатын. Кейін балаларға да қызық болсын деп ертегі желісімен суреттерін салып дыбыстадық.     

Жоба коммерциялық емес, ақша табуға бағытталмаған. Басты мақсаты – қазақ ауыз әдебиетін насихаттап, ұлттық мұраларымызды әлемге паш ету. Бүгінде ол әлеуметтік желілер арқылы дүние жүзі бойынша қолжетімді. Авторлар алдағы уақытта басқа да қазақ ертегілерін аударып, толыққанды анимациялық туынды жасауды жоспарлап отыр.

Бүгінде дүниежүзі бойынша ертегілер бестселлерлер тізімінен түспей, киноөндірушілерге миллиондаған табыс әкелуде. Мәселен, даниялық «Мұзды өлке» ертегісінің анимациялық нұсқасы коммерциялық тұрғыда әлемдік хитке айналды. Мұндай мысалдар көп. Қазақ әдебиеті туындыларының да халықаралық деңгейде танылатын күні алыс емес деп үміттенеді жоба авторлары.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы