Е.Тоғжанов: Үш ауысымды мектептер бақылауға алынады

Елімізде үш ауысымды мектептер көбейген. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарында осындай мектептер саны артқан. Бұл білім сапасына кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан мәселе Үкіметтің және жергілікті әкімдердің бақылауына алынатынын жеткізді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Жылдам азайтудың орнына үш ауысымды мектептер көбейіп жатыр. Оның ішінде Алматы облысы 30 болған, бүгін 52, Маңғыстау міне 18-ге көтеріліп отыр, Павлодар 10-ға, Ақмола облысы 10 мектепке көтеріліп отыр. Осылардың бәрі тікелей білім саласына болашақта әсер етеді. Сондықтан бұнымен қазір айналысуымыз керек.