Түркістан облысында мектеп құрылысы жанданды

Келесте құрылысы тоқтап қалған мектеп қайта салынып жатыр. Бұл білім ордасы бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ мердігер жауапсыз болып, құрылысты жарты жолда тастап кеткен.

Сөйтіп, былтыр жаздың аяғында басқа мердігер іске кіріскен. Одан бері де біраз өтті. Ендігі жағдай қалай болып жатыр?

Осыдан 5 жыл бұрын Ынтымақ елді мекенінде жаңа мектептің құрылысы басталғанда бұл ауылда қуанбаған бала қалмады. Барлығы «заманауи жаңа мектепте білім алатын болдық» деп бөркін аспанға атты. Алайда құрылысшылар ғимараттың төрт қабырғасын тұрғызғаннан кейін кетіп қалған. Аяқсыз қалған құрылыс содан бері ауыл тұрғындарының көңілін алаңдатып жүрген болатын. Былтыр жаңа мердігер келіп, сақалды құрылысқа жан біткен.

Тәттібай Еділов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- 300 орындық мектеп салынып жатыр. Біз осыған қуаныштымыз. Халқымыз болып, бәрі қуанып жатыр. Жастарымыз білім жағынан жақсы, көркейіп, өседі деген ойымыз бар. Мектептің салынып жатқанына ел риза.

Ынтымақ ауылында екі мектеп, 600 оқушы бар. Білім ошағының бірі екі қабатты, екіншісі бір қабатты там. Екеуі де өткен ғасырда салынғандықтан әбден ескірген. Заман талабына сай келмейді. Бірақ басқа мектеп болмағандықтан балалар әзірге осында оқиды. Алайда жаңа мектептің тезірек аяқталғанын олар да асыға күтіп жүр. 

Ханзада Қабылбекова, оқушы:

- Біз қазір осы кішкентай мектепте оқып жатырмыз. Бірақ бізге қаладағыдай әдемі мектеп салып беріп жатыр. Соған қуаныштымыз. Біз де қалалықтар сияқты жақсы мектепте оқимыз. Мен соған қуаныштымын.

Жауапты сала мамандары құрылыс 2018 жылы жауапсыз мердігердің кесірінен тоқтап қалғанын айтады. Сол жылы Келес пен Сарыағаш екі ауданға бөлініп, Ынтымақ Келестің құрамына өткен. Алайда аудан жаңадан құрылып жатқандықтан тоқтап қалған құрылысты қайтадан жалғастыруға мүмкіндік болмапты. Тек өткен жылы бюжеттен 693 млн теңге қаралып, құрылыс қайта қарқын алған.

Сержан Ысқақ, мердігер мекеменің өкілі:

- Барлығы график бойынша жүріп жатыр. Ақша уақытылы бөлініп жатыр. Үш корпустан тұрады. А, Б, В. Спорт залдары да бар. Қазіргі заманға сай. Тапсыру жоспары биылғы жаңа оқу жылына тапсырамыз.

Құрылысқа жауапты мердігер жаңа мектепте физика, химия, биология кабинеттерінен бөлек интерактивті тақта, зертханалар мен үйрімелер жұмыс істейтінін айтады. Асхана мен концерт залы да қарастырылған.

Ал ауыл әкімінің айтуынша, ескі ғимарат бастауыш мектеп болып қала береді. Айта кетейік, қазір Түркістан облысында 38 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 26-сы пайдалануға берілмек.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш