Басты міндетіміз – халықтың жаппай сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету – Ә.Смайылов

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім мен ғылымды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

«Біздің басты міндетіміз – білім берудің барлық деңгейінде халықтың жаппай сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Осыған орай балаларды сапалы білім беру арқылы жан-жақты дамытатын маңызды іс-шараларды қарастыру қажет», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы мектепке дейінгі білім беруде сапаны бағалау құралдарын күшейтіп, балалардың ерте кезден дамуының әлемдік көрсеткіштерін енгізген жөн екенін айтты. Орта білім беруде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту сапасын теңестіруге, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығына, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беру керек.

Премьер-министр педагогтерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында әкімдіктер мен білім министрлігіне кадрлар тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі шараларды қарастыруды тапсырды.

Ә.Смайылов жақын орналасқан мектептен тыс ұйымдарды, тегін мектеп үйірмелерін, спорттық секцияларды, аула клубтарын көбейту жұмысын жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Оның сапасын, тәсілдері мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерткен жөн. Барлық жерде кәсіпорындардың колледждерді өз қамқорлығына алуын жолға қою керек. Колледждер тек жастарды ғана емес, жұмыс берушілер мен инвесторларды да өзіне тартып, дәстүрлі  бағдарламалармен қатар, қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұсынуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында әр өңірдегі белгілі бір жұмысшы мамандықтарға деген қажеттілікті ескеруді тапсырды. 

«Ең бастысы – колледждер мен университеттердің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек. Қазіргі таңда дәл осы еңбек нарығындағы сұраныс пен оның перспективалық болжамы кадрлар даярлаудағы негізгі факторлар болып табылады», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жоғары білім беру жүйесін, әсіресе, техникалық жоғары білім беруді қайта қарауды, танымал университеттердің филиалдарын, кампустарын ашу ісінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. 

Жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейту үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оның ішінде еліміздің батыс өңірлерінің студенттері үшін техникалық мамандықтар бойынша қосымша 10 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Жоғары білім саласында гранттар арқылы мемлекеттік тапсырыстарды бөлу кезінде өңірлердің ерекшеліктері мен облыстардағы кадрларға деген қажеттілік ескеріледі. 

Премьер-министр техникалық ғылымдарды дамытуға басымдық беру, «E-lab» бірыңғай платформасын құру, ғылымды базалық қаржыландыруды кеңейту арқылы ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін қарастыруды тапсырды.

Білім және ғылым министрлігіне «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын қайта қарау, ұлттық экономика, қаржы министрліктерімен бірлесіп, Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасына Балаларды балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай цифрлық базасын құру, Тәрбие жұмысы тұжырымдамасын қабылдау, Қосымша білім берудің бірыңғай ұлттық порталын құру жөніндегі іс-шараларды енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. 

Үкімет басшысы осы жылғы 10 ақпанға дейін Кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алуын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасын, осы жылғы 7 ақпанға дейін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі Жол картасын енгізу керектігін айтты.

«Салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, техникалық бағыттағы ғылыми кадрларды даярлауға басымдық беру қажет, оның ішінде жас ғалымдарға гранттар бөлу және жыл сайын жетекші шетелдік ғылыми орталықтарға жіберу жұмыстарының аясында да ұйымдастыру керек», – деді Ә.Смайылов.