БҚО-да әкімдік жауапсыз мердігер компанияларды сотқа берді

Батыс Қазақстанда Қазталов ауданының Сарықұдық, Жұлдыз ауылдарындағы нысандарды уақытында тапсыра алмаған кәсіпорын жауапқа тартылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елді мекендерде балалар әлі апатты жағдайдағы ғимаратта оқып жүр. Жұлдыз ауылындағы бұл ғимарат 30 жыл бұрын бес пәтерлі үй ретінде салынған. Кейін мектепке қолданысқа берілді. Содан бері әктеу-сырлаудан басқа жібі түзу жөндеу көрмеген. Нысан әбден тозып біткен. Шағын жинақты мектеп 2016 жылы апатты жағдайда деп танылды. Алайда балалар әлі күнге осында оқып келеді. Ғимарат көмірмен жылытылады. Жылу жүйесінің аты ғана болмаса, қақаған аязда пайдасы шамалы. Ал алақандай ауылда балаларды көшіретін басқа ғимарат жоқ.

Салауат Бекманов, мектеп директоры:

– Жалпы 1-11 сынып аралығында 96 бала бар. Мектепалды даярлық сыныбында 13 оқушы бар. Қасымызда шағын орталық бар. Онда 24 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бала санынан өсім бар. Апаттық жағдайда болғаннан кейін құлап жатыр, сосын салқындау болады. Осында істейтін қызметкерлердің, оқушылардың өміріне қауіп бар.

Анаргүл Жұмақаева, Жұлдыз ауылының тұрғыны:

– Қазір осында 2 балам оқып жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мектебіміз апатты жағдайда. Соған қарамастан білім алып жатыр. Басқа (ауылдағы) мектепке көшірсе қалай болады деді. Біздер ата-аналар болып, бір ауыздан оған қарсы болдық. Себебі өзіміздің қасымызда болсын баламыз, көз алдымызда болсын деп.

Былтыр ауылда 108 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Алайда жоба сағызша созылып кетті. Қазір құрылыс аумағында тек іргетас қана тұр. Мердігер компания тиісті жұмыстарды жалғастыруға асығатын емес. Сарықұдық ауылында да осындай жағдай. Саладағы іркілістің кесірінен балалар құлаудың аз-ақ алдында тұрған нысанда білім алып жүр.

Самал Жангереева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Үлкен жол торабында орналасқан мектеп. Халық саны қазіргі таңда 200-ге жуықтады. Жыл сайын бала өсімі бар. Осыдан үш жыл бұрын 41-45 бала болса, қазір балаларымыздың саны 67-70-ке дейін жетті. Сонымен қатар бұл мектепте шағын орталық орналасқан. 2018 жылы авариялық жағдайда деп бұл мектеп танылған болатын және бір корпусы толықтай алынып тасталды.

Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, кестеден кешіккен мердігерлерге қатысты іс қазір сотта қаралып жатыр.

Нұркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектептің құрылысы бойынша мердігер «Алау құрылыс» ЖШС. Қазіргі таңда мердігердің жұмыстарды баяу жүргізуіне байланысты сотқа берілді іс. Атыраудан келген мекеме. Енді Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектепті айта кететін болсақ, 2020 жылы келісімшарт жасалып «РеалСтройИнвест» ЖШС-мен ол мектепте барлығы аяқталып тұр. Тек абаттандыру жұмыстары қалып отыр 75 млн теңгеге. Барлығы 400 млн теңге ол нысанның құны. Осы ауа райы түзетілгеннен кейін мердігер жұмыстарды бітіріп, тапсырамын деп отыр. Бірақ ол мекеме бойынша да сотқа қағаздар жіберілді. Негізі былтыр бітіру керек еді.

Егер сот мердігерлерді «жосықсыз» деп таныса, мектептердің құрылысын жалғастыруға қайтадан тендер ойнатылады. Ауылдық ағайын тағы да құрылысты сарыла күтуге мәжбүр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов