Қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда түйткіл бар

Қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқыту жүйесін реформалау қажет. Өзге тілде білім беретін мектептерде бұл өзекті мәселе, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі 11 жыл оқыса да қазақша білмей кететін балалар бар. Өзге тілде білім алатын оқушыларға арналған қазақ тілі мен әдебиет оқу бағдарламасында сатылы-сабақтастық жүйе жоқ. Салдарынан, оқушы мемлекеттік тілді емес, ағылшын тілін 11-сыныпта жетік меңгеріп шығады – дейді мамандар. Өйткені шет тілі пәнінде білім алушылардың деңгейіне қарай бейімделген мәтіндер ұсынылады. 

Ақсұлу Құлмағамбетова, қалалық білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері:

– Әр өңірдегі қазақ тілі мәселесі әртүрлі. Оңтүстік өңірде оқушылар жоғары, орта деңгейде білуі мүмкін. Керісінше, солтүстік өңірде олардың деңгейі төмен болуы мүмкін. Барлығын бірдей бір бағдарламаға отырғызған кезде осындай талқылаулар қиындықтар пайда болады. Мысалы, бұл жерде мәселені оқушыларға академиялық еркіндік беру арқылы мұғалімдерге, оқушыларға еркіндік беру арқылы шешуге болады. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, сыныптарды әртүрлі деңгейге бөледі. АБС деңгейі деп бөліп, қолдау көрсетуге болады. Қазіргі таңда  қазақ тіліне байланысты оқыту кезінде  анимациялық видео, аудио материалдар қолжетімсіз. Қазақ тілін оқыту барысында. Бұл оқушылардың тілдік деңгейін анықтайтын құралдардың жоқтығы.

Осы орайда, Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы өз ұлтын ұлықтайтын пәндер міндетті түрде терең оқытылуы керек деп есептейді. Сенатор министрлік тарапынан қолға алынған жобалар жайлы өз ойын жеткізді.

Мұрат Бахтиярұлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Сол кезде мысалы 1 сыныпта қазақ тілі жүреді орыс мектептерде. Сол қазақ тілін оқыған орыс мектептеріндегі қазақ тілін біліп шығатын балалар жоқтың қасы. Демек ол пәнге қанша млрд-таған қаржы  бөліп жатырмыз. Ол босқа кетіп жатыр. Жалпы реформа сол саланы дұрыстау үшін жасау керек. Жалпы азамат дайындайтын пәндер болады. Ол әдебиет пен тарих пәні. Мен оны қолдаймын. Өз ұлтын ұлықтайтын пәндер міндетті түрде ұлтқа байланысты пәндер терең оқытылу керек.

Биылдан бастап қазақ тілі мен әдебиетінен үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыру қолға алынды. Сондай-ақ оқытылатын шығармалар, грамматикалау жүйесі, жас ерекшеліктерін ескеру қажет екені мұғалімдер қауымдастығында көтерілді. Осы тұста, министр түйткілді мәселені шешу үшін оқу бағдарламасы қайта жаңғыртылады деді.

Сапура Төлекова, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

– БҒМ оқулықтар мен бағдарламалардың қайта қаралуы. Яғни бағдарламалар 2016 жылы жаңартылған білім мазмұнына енгізілген уақыттағы бағдарламалар қазіргі күні қайта қаралып жатыр. Бұл бір адамға ғана қатысты ғана емес, толық 3 жарым млн-нан артық балаға қатысты мәселе болғандықтан, бұл жерде бір адамның субъективті көзқарасымен емес, жалпы мамандардың, тіл саласындағы ғалымдардың, практик мұғалімдердің пікірлері ескерілуі керек. Бұл жерде сарапшылардың өзі арнайы курстан оқытылып, қазір бір ізге келді. 

Жалпы бүгінде қазақ тілін мобильді қосымшалар арқылы небәрі 3 айда меңгеріп шыға аласыз. Бар-жоғы порталға кіріп, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінінен өтсеңіз болғаны. Мәселен, «Абай институты» веб-порталында аудио және бейнематериалдарды пайдаланып, мемлекеттік тілді үйренуге болады. Сайтқа сөздік, грамматика анықтамалығы, ақын-жазушылардың туындылары да жүктелген. Жалпы ақпарат 6 тілде қолжетімді.

Айгүл Орманова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ҰҒПО басқармасы басшысы

– 3 айда бізде 36 сағаттан тұрады. Яғни бір деңгейде 300-350 сөзді меңгеру мақсаты алға қойылған.  500,900,1200,1500 сөзге құрылған оқулығымыз баспа түрінде шықты. Кез келген адамның тіл үйренуге мүмкіндігі бар. Қазір порталды қолданушылардың саны артты.

Айта кетерлігі, өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін бөлек оқыту мәселесін қарастыру үшін кәсіби сарапшылар тобы құрылған.  

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Серікұлы, Ербол Дайыров