433,30 450,91 6,70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда аудандық және облыстық олимпиадалар басталды – ҚР БҒМ

  • 344
  • UPD: 09:45, 16.02.2022
Қазақстанда аудандық және облыстық олимпиадалар басталды – ҚР БҒМ turanpress.kz

Қазақстанда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңі басталды.

Биыл зияткерлік жарыстар алғаш рет электронды форматта өтіп жатыр. Жаңашылдық олимпиадалардың өтуінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Оған 291 ауданнан (қаладан) шамамен 100 мың оқушы қатысады.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, олимпиаданың екінші кезеңі 22 ақпанға дейін жалғасады, үшіншісі – облыстық кезең 2022 жылдың 28 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өтеді.

«Олимпиадалардың барлық кезеңі электронды форматта өтеді. Білім және ғылым министрі ҰБТ-ның, олимпиадалардың және т.б. шаралардың ашық түрде өтуіне аса мән береді. Өткен жылы алғаш рет республикалық кезең электрондық форматқа көшірілді. Бірақ аудандық кезеңді өткізу кезінде зияткерлік сайыстардың нәтижелері бойынша ата-аналар тарапынан шағымдар болды, өйткені аудандық және облыстық кезеңдер қағаз түрінде өткізілді. Ол кезде қатысушыларға тапсырмалары бар мөрленген конверт берілді, балалар тапсырмаларды дәптерлерде орындады. Енді оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың барлық турын өткізу процесінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету үшін жарыстар электрондық форматта өткізіледі. Бұл тапсырмалардың таралу қаупін азайтады және белгілі бір қатысушылардың мүдделерін қолдайды. Өткен жылы біз халықаралық олимпиадаларда медаль алудан рекорд орнаттық. Сондай-ақ бұл - әділ іріктеудің нәтижесінде қол жеткізген көрсеткіш. Қазір біз осы жетістіктерді арттыру үшін ауқымды жұмыс атқарамыз», – деп атап өтті «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада прокторинг жүйесін пайдалана отырып, «Oqylyq» платформасы арқылы өтеді. Оқушыларға тапсырмаларды алу үшін жауап бланкісі, жеке логин және пароль беріледі. Олимпиада «1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера» принципі бойынша өткізіледі. Бұл ретте жарыстардың бейнежазбасы және тікелей көрсетілімі жүргізіледі.

Аудандық (қалалық) кезеңнің жеңімпаздары Республикалық олимпиаданың келесі облыстық кезеңіне қатысады.

Айта кетейік, ҚР БҒМ «Дарын» РҒПО еліміздің дарынды оқушыларын анықтау, дамыту және кәсіби қолдау саласындағы флагман болып табылады. Бүгінде орталық әртүрлі деңгейдегі 70-тен астам пәндік олимпиадаларды ұйымдастырады және өткізіп келеді.

Өткен жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, Қазақстанның қоржынына 26 медаль әкелді.

Мемлекет басшысы дарынды балаларды қолдау бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Министрлік ҰБТ тапсырмай-ақ біржолғы сыйлықақылар мен білім беру гранттарын төлеуді ұсынды. Алтын медаль иегерлері 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ жеңімпаздарды дайындаған педагог-жаттықтырушыларға да сыйлықтар қарастырылған.

Хабар 24 телеарнасы