Математика пәні бойынша мектеп бағдарламасы жаңартылады

Математика пәні бойынша мектеп бағдарламасы жаңартылатын болды. Мұндай шешім математиктердің республикалық съезінде қабылданды. Қарағандыда өткен жиынға елімізде үздік деген 300 педагог қатысты.

Математика пәнінің мұғалімі Татьяна Мельникова мектеп қабырғасында еңбек етіп жүргеніне 32 жыл болған. Білікті ұстаз әсіресе соңғы жылдары оқушылардың бағдарламасы тым қиындап кеткенін айтады.

Татьяна Мельникова, математика пәнінің мұғалімі /Павлодар облысы/:

- Жоғары сынып оқушыларына қиын. Себебі олардың бағдарламасында университетте оқытылатын материалдар бар. Көлемі жағынан да ауыр. Балалардың тіпті тапсырмаларды орындауға уақыттары да жетпей қалады. 

Бұрын 7-8 сыныпта оқитын тақырыптарды, қазір 5-сыныптың оқушылары өтеді. Сәйкесінше балалардың көбі бағдарламаны игере алмайды. Бұл жалпы пәнге деген көзқарасқа әсер етеді, дейді ұстаздар. Сондықтан съезде еліміздің үздік 300 математигі оқыту сапасын жақсарту міндетін шешеміз деп уағдаласты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Біз мектептегі математика пәнін түсінікті етіп жаңартып отыруымыз қажет. Ал бағдарламаны бекітуге уақыт жеткілікті. Ең бастысы, сабақтастық болуы керек. Мен бұйрыққа қол қойдым. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған ең үздік әдіскерлер, жоғары мектеп өкілдері және білікті  математика мұғалімдерін қостық.

Жаңа бағдарлама сәтін салса 2023 жылдан бастап енгізіледі. Ал оған дейін жан-жақты талқылаудан өтеді. Білім министрлігінің болжамы бойынша жоғары оқу орындарына гранттар мен еңбекақыны ұлғайту есебінен осы пән бойынша мұғалімдер тапшылығы мәселесі де шешіледі.

Самат Қайырденұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев, Аслан Демісбаев