Елорда іргесіндегі Үркерде жаңа мектеп қашан салынады

«Үркер» тұрғын үй алабында мектеп тапшы. 25 мың адам тұратын ауылда бір-ақ білім ошағы бар. Салдарынан балалар қалаға қатынап оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың жаңа мектептің ашылуын күткеніне 10 жылдың жүзі болды. Жұрт жауапты органдарға жылда хат жазады. Тіпті биылдан қалдырмай білім ошағын салып беруді талап етіп отыр.

Үркердегі жаңа мектеп Исатай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан дәл мына учаскеде салынуы тиіс еді. Алайда уәде сөз күйінде қалып, білім ордасының құрылысы әлі күнге дейін басталмады. Салдарынан балалар алысқа қатынап оқуға мәжбүр. Елдімекенде жалғыз мектепте орын аз, сондықтан кейбір ата-ана бала-шағасын қалаға тасиды. 

Жасұлан Мүшебаев, «Үркер» тұрғын үй алабының тұрғыны

– Лауазымды тұлғалар мына әскери қалашықтың жанында мектеп салынады деген. Осы күнге дейін ол мектеп салынған жоқ. 02: 27 Мына жердегі мектеп қайда екенін білмеймін жоқ болды.

Қазір Үркерде бала саны 10 мыңға жуықтап қалды. Олардың тең жартысы мектеп жасына жетті. Жыл сайын кент халқы көбейіп келе жатқанын ескерсек, бұл жерде тағы бір білім ордасы салынған күнде де орын  бәріне жетпейтін көрінеді.

Айгүл Байтұрсынова, «Үркер» тұрғын үй алабының тұрғыны:

– 1 сынып бар бізде. Кішкентай балалар рюкзактарымен кіріп-шығудың өзі қаншама қиындық туғызады. Кептеліс болады кіріп-шыққанша. Осы мектеп бізге ауадай қажет. Үркердің өзінде 500-ге бала көбейіп жатыр. Бізге балалар санымен 4 мектеп керек.

Шағын аудандағы жалғыз мектеп жыл сайын 300 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда 200 мұғалім жұмыс істейді. Оқу бағдарламасында гуманитарлық пәндерге басымдық берілген. Сондықтан мамандар Үркерге техникалық салаларды қамтитын мектеп қажет дейді.

Назгүл Нұрғожина, № 69 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Мектеп 2012 жылы іске қосылды. 1200 балаға арналған. Қазір 3200 бала оқып жатыр. Бала көп екені белгілі. Оны бәрі біледі. Біз гуманитарлық бағыттағы мектеппіз ғой. Жаратылыстану деп жатыр бәрі.

Жергілікті тұрғындар жыл сайын жауапты органдарға шағымданып хат жазады. Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша жаңа мектеп құрылысына бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес былтыр оқу ордасының құжаттары әзірлену керек еді. Қала әкімдігі жұмысты ілгерілетіп, биылдан қалдырмай құрылысты бастаймыз деп отыр. 

Нұрлан Досжанов, қалалық білім басқармасының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі күні Үркерде 900 орындық мектептің құрылысын бастау үшін жобалық жұмыстар басталып қалды. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Қортындысы осы жылдың 2 тоқсанында шығады. 3 тоқсанда құрылысы басталады. Келесі жылы беріледі.

Өкінішке қарай, жаңа мектеп келер оқу жылына дейін дайын болмайды. Үркерліктерге тағы біраз уақыт күтуге тура келеді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ержан Қанапияұлы