loader


Жаңаөзендегі мектептер сенімгерлік басқаруға беріле ме?

Қоғам белсенділері Жаңаөзен қаласындағы 10 мектепті сенімгерлік басқаруға беруді ұсынып отыр. Қаражат салуға ниетті инвестор да тапқан. Инвестор білім ордаларын толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи техникамен жабдықтауға әзір. Идея авторлары осылайша қаладағы білім деңгейін көтереміз дейді. Алайда бұл ұсынысқа ата-аналар мен ұстаздардың пікірі екіге бөлінді. Жаңаөзен мектептері кімнің қолына өтеді және қашан беріледі?

- Сырттан басқарушылар қажеті жоқтығын ескертеміз...

Бұл ұсынысты жаңаөзендік педагогтар бірден қолдай қоймады. Қаладағы №2, 6, 14, 17 мектеп ұжымдары әлеуметтік желіге үндеу жариялап, сенімгерлік басқаруға қарсы екенін жеткізді.

- Сенімгерлік басқаруға беру деген сөз – бірден болмаса да қысқарту басталады. Оқу ақылыға көшуі мүмкін. Мектеп ұжымы стандартқа сәйкес жұмыс жасауда. Бізге сырттан басқарушылар қажеті жоқтығын ескертеміз. Аталған басқарушылар мектепке кірген жағдайда қаржы жүйесі өзгереді. Түбегейлі қарсымыз.

Ал бұл идея ата-аналардың көңілінен шықты. Айтуларынша, қаладағы қазіргі мектептердің жағдайы мәз емес. Басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан модернизация әлдеқашан жасалуы тиіс еді.

Еркін Жұмажанов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Өзендегі мектептер шаршап жатыр, парта, бәрін ауыстыру керек, спорт залдар шіріп жатыр. Өзім 1-мектепті бітірдім, 20 жылдыққа барғанда баяғы мектеп, сол тұрысымен тұр. Оқушылардан жазда ақша жинайды, класс ремонттаймыз, сырлаймыз деп.

Әйгерім Төкенова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Үлкен қызым Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, сол түрде салыстырып қарайтын болсақ, қаладағы мектептерді неге сондай деңгейге жеткізбеске деп ойлаймын. Сапалы білім алу үшін интерактивный доска, сабаққа сай кабинет болу керек. Бала сабағын меңгеріп кетпегенше түсіндіруін тоқтайды. Қалған балаларымның сондай деңгейдегі мектепте оқығанын қалаймын.

Күрделі жөндеуден бөлек Жаңаөзенде білім сапасы да төмендеген. ҰБТ нәтижесі көңіл көншітпейді. Сондықтан мәслихат депутаты Шәріп Ақжігітов бірнеше қоғам белсендісімен бірге республикадағы тәжірибені зерттей келіп, мектептерді сенімгерлік басқаруға беру туралы бастама көтерген. Инвестор 3 млрд теңге қаражат салуға дайын.

Шәріп Ақжігітов, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты:

- Рауан Кенжеханұлына идеямызды айттық. Жаңаөзен қаласы үшін 10 мектепті сенімгерлік басқаруға алып, толық жөндеуден өткізіп, материалдық базасын жаңартып, мазмұнына әкелемін деді. Біздер Петропавловск облысында Қызылжар ауданы Петерфельд ауылында толық жөндеуден өткен «Абай» мектебіне бардық. Басқа қаладан мұғалім әкелу мүмкін емес. Мұғалімдердің жұмыстан шығарады дегені орынсыз.

Жоба жүзеге асса, ұстаздардың жұмыстан қысқартылмайтыны туралы білім басқармасының басшысы да растады. Ол сенімгерлік басқаруға беру жекешелендіру еместігін жеткізді. 

Светлана Төлебаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Мектептер мемлекет меншігінде қалады. Инвестор облыс әкімдігімен мемлекеттік-жеке әріптестік шартына қол қояды. ГЧП туралы заң аясында орындалады. Инвестор өз қаражатына мектеп ғимаратына толық жаңарту жұмыстарын жүргізеді, материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын іске асырады, ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау бағдарламасы іске асады. Ұстаздар ұжымы қысқармайды.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Әзірге ұсыныс ашық күйінде тұр. Жобаның жүзеге асу, аспауы уақыттың еншісінде. Жақын арада тұрғындармен және мектеп ұжымдарымен тағы да талқылау болады. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев

Сондай-ақ...