Жас маман «Педагог» біліктілігін алуға міндетті

Елімізде жас мамандарды мектепке жұмысқа қабылдау ережелері қатаңдатыла түсті. Дипломның болуы жеткіліксіз. Бұдан былай түлектер қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндеттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт жыл бойы мұғалім мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндетті. Міне, бұл жас маманды жұмысқа қабылдау ережелерінің бірі. Тестілеу сұрақтарында салалық пән бойынша мектеп бағдарламасы мен сабақ беру әдістемесі қамтылады. Сыннан сүрінгендер «ұстаз» деген атқа ие бола алмайды. Ал бұған дейін мұғалімдерді жұмысқа мектеп директорының өзі қабылдайтын.

Мәди Серікұлы, №63 мектеп-гимназиясының директоры:

– Бұрында осы бұйрыққа дейін біз мұғалімдерді арнайы өзінің біліктілігіне сәйкес диплом сәйкестендіріп және сұхбаттасу арқылы директор өзі қабылдай беретін. Ал қазір жаңа бұйрық негізінде арнайы конкурс, бос орындар үшін конкурстар жарияланып, арнайы комиссия құрылып, критерийлер жазылатын болды. Критерийде ең бірінші кезекте бос орынға өтініштер қабылданады. Ал ол бос орындар арнайы желілерде конкурстық жүйеде жарияланады. Ол жерде критерийлерде мұғалімдердің біліктілігін арттыру, тесттен өтуін талап етеміз.

Бұл талап былтыр алғаш рет пилоттық режимде өтті. Онда педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тест тапсырған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бастапқы сынақтан тек 15 мың түлек қана қажетті балл жинай алды.

Жомарт Қарамбаев ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

– Егер ол тиісті шектеулі балды ала алмай қалған кезде, оның құқығы бар. Күнтізбелік жылдың ішінде тағы бір рет тестілеуден өтуге, бірақ ол ақылы түрде өтеді және сынақтардан ол өз қалауы бойынша ақылы түрде тестілеуге дайындығы бар. Ал техникалық жағдай бойынша болып қалса, онда әрине апелляциялық комитет жұмыс істейді. Сонда бұл сұрақтарды шешуге болады. Мысалы, пән бойынша 70 сұраққа жауап беруі керек үміткер, педагогика және оқыту әдістемесі бойынша 30 сұрақ, жалпы 100 сұраққа жауап беруі керек.

Бұл педагогикалық бағытта маман даярлайтын жоғары оқу орындарының жұмысын ширата түсу қажеттігін көрсетті. Бұған дейін елімізде мұғалімдерді 86 университет даярлаған болатын. Салалық министрлік атқарған жұмыстың нәтижесінде 30-дан астам оқу ордаларының педагогика бойынша лицензиясы қайтарып алынды.  Жоғарыда сыннан сүрінген де сол лицензиясынан айырылған оқу ошақтарының түлектері дейді мамандар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жандос Сұлтанғазы