Алматыда таланттар мен талаптылар сайысы өтті

Елдегі ақылды, білімді оқушылар Алматыда бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар алғаш рет FIRST роботты техника бойынша халықаралық чемпионаттың республикалық кезеңінде бақ сынауға кіріскен. Озық шыққандары сәуір айында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін дүниежүзілік жарысқа қатысады. Робот жасайтын инженер болсам дейтін жастардың қатары көбейіп келеді. Республикалық кезеңге мыңға жуық өреннің қатысуы соның дәлелі. Байқаудың тақырыбы «Ауыр техникамен жүк тасымалы». 1-11 сынып оқушылары өздері жасаған роботтарын бәйгеге қосты. Тапсырма бір болғанымен, әркім өзінше шешуге тырысады. Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты финалдық кезең үш лигаға бөлінген. 

Хасен Жәкенов, жарысты ұйымдастырушы:

– 1-4 сынып балалары кішкентай болғанына қарамастан, тура өздерінің сондай құрбыларымен әлемдік деңгейдегі жарысқа барады. Мұның бір жақсы жері уақыт өткен сайын 11 сыныпқа дейін олар өздерін дамытып, осы салада жұмыс жасай береді. Яғни мектеп бітіргенде дайын маман болып шығады.

Әрбір байқау өзіндік әдістемесімен және тапсырмалардың күрделілігімен ерекшеленеді. Қазылар жеңімпаздарды олардың жұмыс жылдамдығына және сапасына қарап анықтайды. Әр лигадан жеңіске жеткен команда сәуірде Хьюстонда болатын Әлем чемпионатына қатысады. Жарыста барлық команда мүшелерінің өзіндік жауапты қызметі бар- дейді конструктор Ерлан Сұлтанғалиев.

Ерлан Сұлтанғалиев, оқушы:

– Нұржан мысалға программасын жазады. Тағы екі оқушы – Әмина мен Арайлым сыртқы дизайнын келтіреді және маған құрастыруға көмектеседі. Алдағы мақсатым – осындай көптеген жарыстарға қатысып, отандық робототехниканы дамыту.

Мұндай жарыс балалардың білімін жетілдіруге көмектеседі. Қазақ жастары тіпті 2019 жылы Америкада өткен халықаралық турнирде үздік үштіктен көрінген екен. Осындай талантты да талапты оқушыларға үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілсе, жастарымыз келешекте қазақ елінің технология саласының қарыштап дамуына үлкен үлес қосар еді. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев