Павлодарда оқушылар қыштан бұйым жасау ісін меңгеріп жүр

Ежелгі өнер қыштан бұйым жасау ісін оқушылар да меңгереді. Мақсат өскелең ұрпақты еңбекке баулумен қатар ұлттық өнерді дәріптеп, сол арқылы тарихымызды да жадына тоқу дейді Ертіс өңірінің ұстаздары. Қолы ұсынақты балалардың алды қазір қыш құмыраларды саз балшықтан илеп, өздері жасап жатыр.

Айдар Әбдікәрімов кезінде облыс орталығында болған қыш цехында еңбек еткен. Шеберхана жабылып қалған соң сүйікті ісін жалғастырған. Өскелең ұрпақпен мол тәжірибесін бөлісуді жөн көріп, мектеп үйірмесінің жұмысына араласты.

Айдар Әбдікәрімов, қыш шебері:

- Қыш өнеріне балалар да, ересектер де қызығушылық танытады. Сондықтан бұл бағытты дамыту керек. Мақсатымызға қол жеткізу үшін мектеп қабырғасында үйірме аштық. Қазіргі уақытта жекеменшік студияда жұмыс істеймін. Сонымен қатар шеберлік сабақтарын өткіземін.

Шеберлік сабағынан соң үйірмеге 20-дан астам оқушы жазылып үлгірді. Қыш өнеріне қызығушылық танытқан ұл-қыздар үшін сабақтар аптасына екі рет өткізілмек. Үйірмеге алғашқылардың бірі болып келгендердің қатарында София Сафарова да бар.

София Сафарова, М. Әлімбаев атындағы орта мектебінің оқушысы:

- Қыш ыдыстардың жасалу әдістері қызықтырды. Үйірмеге келген соң біртіндеп үйрене бастадым. Бауырым да қыш өнеріне қызығушылық танытты. Екеуміз шағын құмыралар жасай аламыз. Енді күрделі бұйымдарды да құямыз.

Мектепте оқушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Арнайы құрал-жабдықтар мен негізгі шикізат - сазбен толық қамтылған. Балшық Екібастұз қаласынан тасымалданады.

Оразбек Бахатхан, М. Әлімбаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

- Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланумыз керек. Ол үшін мектебімізде бос уақытын қамту үйірмелері ашылған. Ерекшелік кіргізгіміз келді және оқушыларға психологиялық жақсы әсер беретін үйірмелер ашқымыз келді. Сол мақсатта қыш құмыра үйірмесін қолға алдық. 

Қолөнер шеберлері осы тектес үйірмелер өзге де білім беру ошақтарында ашылады деген сенімде.

Сондай-ақ...