Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеудің бірегей жолын ойлап тапты

Қазақстандық ғалым шетелдік әріптестерінің қолдауымен геномдық өзгерту әдісі арқылы қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасушалар тізбегін ойлап тапты. Мұндай жасушалар ұйқы безіне инсулинді дербес өндіруге, сондай-ақ оның ағзадағы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді.

Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеудің тың тәсілін ойлап тапты. Жас ғалым зертханалық деңгейде жасушалардың өздігінен инсулин өндіруіне қол жеткізген. Бұл жобаны ол канадалық дәрігерлермен бірге жүзеге асырды.

Бақытжан Әлжанұлы 1-типті қант диабетін емдеу әдістемесін Канадада тағылымдамадан өту кезінде бастапты. Геномдық өзгеріске негізделген оның жұмысына шетелдік ғалым жетекшілік еткен. Жас ғалым зертханалық деңгейде жасушалардың өздігінен инсулин өндіруіне қол жеткізеді.

«Енді алынған жасушалардың ағзадағы глюкоза деңгейінің өзгеруін қалай қабылдайтыны маңызды», - дейді зерттеуші.

Бақытжан Алжанұлы, М.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері:

- Диабет 1-тип ауруы аутоиммундық ауру, яғни ағзаның иммундық жүйесі бұл өздігінен бұл клеткаларды жояды. Біз алдағы үлкен мақсатымыз трансплантация жасау болса, иммундық жүйе, кез келген сырттан келген бөгде затты ол бірден бөтен деп танып, оның тез көзін жоюға тырысады. Ғылымның алдында тұрған сұрақ бұл иммундық жүйенің шабуылынан қалайша қорғап қалсақ болады бұл клеткаларды? Қалайша қорғап қала отырып, сол мезетте оның өзінің ең негізгі қасиеттерін, жұмысын жоғалтпауы керек?

Бұл жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сонымен қатар оның ағзадағы деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Жас ғалымның зерттеуі Молекулалық биология және биохимия институтында жалғасын таппақ.

Камалидин Шарипов, М.Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты бас директорының м.а.:

- Қазіргі уақытта конкурс жарияланды. Біз, Бақытжан Әлжанұлы және де басқа да ғалымдармен бірлесіп, грантқа қол жеткізуді ойластырудамыз. Гранттық қаржыландыру болса, бірегей ғылыми зерттеу жалғасын табады.

Ғалымдардың айтуынша, іргелі ғылыми жұмысты тәжірибеге енгізу үшін бірінші кезекте иммундық жүйенің шабуылынан жасушаларды қорғау хаттамасын әзірлеу қажет. Бұған қоса клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтар кезеңі бар.

«Сондықтан ғылыми жаңалықтың қолданысқа енуіне 4-5 жыл уақыт кетуі мүмкін», - дейді ғалымдар.

Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Абен Нарымбаев