ҚР БҒМ студенттер мен бағдарламашылар арасында IT байқау өткізеді

Білім және ғылым министрлігі алғаш рет студенттер мен бағдарламашылар арасында «BILIM Hackathon 2022» IT байқауын өткізеді.

Жеңімпаз 1,5 миллион теңгеге ие болады. Екінші орынның жүлде қоры – 1 000 000 теңге, үшінші орын үшін 500 000 теңгені құрайды. Жеңімпаздар марапаттардан бөлек жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамына белгілі IT-компаниялардың өкілдері кіреді.

IT сайыс 26-27 наурызда Astana IT University базасында офлайн форматта өтеді.

Бұл байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашылық ету, сондай-ақ қазіргі және болашақ IT мамандарды ынталандыру мақсатында өткізіледі.

«Елімізде түрлі IT жобаларды әзірлейтін дарынды жастар көп. Оларды байқауға қатысуға шақырамыз. Сайысқа университет және колледж студенттері, басқа да бағдарламашылар қатыса алады. Әр оқу орнынан бір командаға қатысуға рұқсат етіледі. Хакатонға қатысу үшін өтінімдерді monhackathon@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. Өтінімге команданың атауын, қатысушылардың аты-жөнін және ұйымның атауын көрсету қажет», - деп айтты Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.

Сайысқа қатысушыларға түрлі тапсырмалар беріледі. Қатысушылар еркін тақырыпта және берілген тақырып бойынша білім беру саласын цифрландыру бойынша жоба дайындайтын болады.