Белгілі ғалым Темірбек Қожакеевтің туғанына 95 жыл толды

Биыл белгілі ғалым, қазақ журналистикасының бірнеше буын өкілін тәрбиелеген ұстаз Темірбек Қожакеевтің туғанына 95 жыл.

Қазақ сатирасының тарихын зерттеп, теориялық тұрғыда негіздеген ғалым өткір жанрдың дамуына жол ашты. Темірбек Қожакеевтің «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Сатира – күштілер қаруы» еңбектері қазақ сатирасына қосқан зор үлесінің бірсыпырасы ғана. Ғалымның 95 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде халықаралық ғылыми-конференция ұйымдастырылып, дәстүрлі «Қожакеев оқулары» өтті. Айта кетейік, Темірбек Қожакеұлы ұзақ жылдар журналистика факультетін басқарып, талантты шәкірттер тәрбиелеп, ғылымның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Сансызбай Мәдиев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің деканы:

- Уақыт өтсе де Темірбек Қожакеевтің жазғандары, оның зерттеулері, әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ұлы зиялыларымыз, Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Міржақып Дулатов, көптеген ұлы тұлғаларды осы кісі архивте шаң басып жатқан жерінен жарық дүниге алып келді. Ол еңбек өлшеусіз.

Толымбек Әлімбек, сатирик, Т. Қожакеевтің шәкірті:

- Темірбек Қожакеев туралы әңгіме айтсақ, қатаң тәртіп, өте талапшыл адам көз алдымызға келеді. Ол кісі менің диплом жетекшім де болды. Содан не керек, екі мақалам шыққанда мақтап қалған. Соған малданып жүріп қалдым, дипломды уақытысында өткізбей, содан бір апта қалғанда ма алып бардым, алды да салмақтап, салмақтап тұрды да лақтырып жіберді. «Ал, данышпан, мықтымын деп жүрсің ба, бар өзің қорғап ал» деп. Ол кісінің темірдей тәртібінен шыққан адамдармыз.