Елімізде ғалымдар азайып барады

Соңғы 32 жылда ғалымдардың саны 2 есеге қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған ғылым саласы қызметкерлерін қаржылай қолдаудың мардымсыздығы әсер еткен. Бұған дейін зерттеушілер арнайы байқауларда топ жарған кезде ғана табысқа кенелетін. Алайда қазір 1 мың 200 ғалым ай сайын тұрақты жалақы алып отыр. Іргелі зерттеулермен айналысатын институттарға да қаржылай қолдау көрсетіледі. Қазір елімізде жалпы ізденушілердің саны 23 мыңға жуықтады. Сала дамуы үшін мамандар ғылымға бөлінетін қаражат жалпы ішкі өнімнің 1 жарым проценттен асуы тиіс дейді. Алайда бізде әзірге бұл меже 0,13 процент қана.

Жанна Құрманғалиева, ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрағасы:

– Бізде 2019 жылы ғылымға жіберілген ең төмен қаражаттың көлемі  0,12%. Ол ең төмен көрсеткіш. Бірақ бұл тек қана мемлекеттің кінәсі, мемлекетке қана тиесілі емес. Неге? Әлемде мына ғылымның 3/2 бөлігін мемлекеттер емес, бюджет емес үлкен компаниялар үлкен бизнес қаржыландырады.