Павлодарда болашақ ғалымдар өз жобаларымен таныстырды

Қолданылған медициналық маскалардан жасалған пластик. Робот-психолог пен шыбын-шіркейлерді жоятын модуль-құрылғы. Павлодарлық оқушылар ғылым күнінде ғылыми жобаларын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шағын ғарыштық аппараттың макетін жасаған оқушы АҚШ-тағы ғарыштық агенттікте оқуға шақырту алды. Ярослава Кравчук баламалы энергияны пайдаланатын ғарыштық станцияның макетін жасады. Шағын аппаратқа қазақ академигі Қаныш Сәтбаевтың есімін берген. Жоба халықаралық деңгейде қорғалды. Астрономияға бет бұрған оқушы жазда АҚШ-тағы НАСА агенттігіне оқуға аттанбақ.

Ярослава Кравчук, «Ғарыштық аппарат» жобасының авторы:

– Аппарат жерден тыс энергия көздерінен жасыл сутегі отынын өндіруге арналған. Яғни ғарыштағы стероидтер қолданылады. Себебі стероидтердің құрамында мұз қоры көп. Мұзды еріткен соң электролиздің көмегімен сутегі мен оттегі аламыз.

Жетінші сынып оқушылары Әмірали Әлкенев пен Жахангір Балтабай робот-психологты ойлап тапты. Жоба оқушылардың кей психологиялық проблемаларын шешуга бағытталған. Компьютерлік бағдарлама жеткіншектің жағдайына қарай әңгіме-дүкен құрып, түрлі ойындар арқылы сергіте  алады.

Әмірали Әлкенев, «Робот-Психолог» жобасының авторы:

Робот Яндекстегі Алияса сияқты сөйлей алмайды. Бірақ соның қарапайым нұсқасы сияқты. Адамның эмоцияларын түстер арқылы анықтайды. Егер адам қызыл түсті таңдаса, ашулы екенін түсінеді де, оны сабасына түсіруге тырысады. Көңіл-күйі жақсы болса, түрлі ойындар ұсынады.

Ал Ислам Әбдірахманов 200 медициналық бетпердеден пластик жасады. Оқушының есебінше, Қазақстанда күніне 10 млн маска пайдаланылып, қоқысқа тасталады. Жобаны әзірлеуге дәл осы экологиялық мәселе түрткі болған. Оқушының айтуынша, бетпердені қайта өңдесе, кез келген құрылыс материалы жасалады.

Ислам Әбдірахманов, жоба авторы:

Мектепте маскаларға арналған жәшіктер орнаттық. Бетперделерді жинап, ультракүлгін сәулелерінің көмегімен залалсыздандырдық. Кейін бөлшектеп, 120 градуста балқыттық. Нәтижесінде осындай өнім алдық. Мәселен, орындықтың бұл бөлшегі бетпердеден өндірілді.

Оқушыларға ғылыммен айналысуда қолдау бар. Жергілікті жоғары оқу орындарының зерттеуші-ғалымдары жобаларды патенттеу немесе авторлық құқық алуға көмектесіп келеді.

Еркін Садықов, жоғары оқу орнының ректоры:

Біз физика, математика, химия бағыттарын таңдадық. Қолданбалы ғылымдар мен биологиялық бағытқа да бет бұрдық. Мектептермен ғылыми серіктестік орнаттық. Сол жерлерде үйірмелер аштық. Оқушылар біздің оқытушылармен бірлескен жобаларын әзірлеп, ғылыми мақалалар жазады. біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.

Мектеп пен жоғары оқу орындарының серіктестігі оң нәтиже берді. Ғылым жолын таңдаған оқушылардың бір легі жобаларына авторлық құқық пен патент алып үлгерген. Ал олардың жолын қуған жеткіншектер жыл сайынғы Сәтбаев оқуларына қатысты. Бұл игі дістүр жалғасые таба бермек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат