Бүгіннен бастап еліміздегі 1447 мектепте оқушылардың білім жетістігі сыналмақ – Ш.Қаринова

Елде 4 және 9-сынып оқушыларының білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚР Білім және ғылыми министрінің бірінші орынбасары Шолпан Қаринова Facebook-тегі парақшасында жазды. Оған білім беретін жалпы мектептер арасынан 112 мыңнан астам оқушы қатысады. Мониторинг сәуірдің 29-на дейін жалғасады. Қатысатын мектептер кездейсоқ таңдау әдістемесімен анықталды.
«Бұл білім сапасын ішкі қазақстандық зерттеу. Мониторинг жүргізу заңға былтырғы жылы енгізіліп, биыл мектептерде алғаш рет өткізіледі.Мониторинг мектеп базасында өтеді, оқушылардың математикалық, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бағаланады. Оған оқушыларды арнайы дайындаудың қажеті жоқ. Мониторинг сұрақтары оқу бағдарламалары бойынша әзірленген және оқушылардың функционалдық сауаттылығын анықтауға бағытталған» – деп жазды вице-министр. Мұндай тексеруді өткізу арқылы білім сапасы сырттай тәуелсіз бағаланады, оқушылардың мықты және әлсіз жақтарын анықтай отырып, білім сапасын арттыру мақсатында оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жоюды көздейді.
Шолпан Қаринованың айтуынша, мониторинг қорытындысы бойынша әр мектепке жеке тақырыптар мен балаларға қиындық туғызған материалдар талқыланбақ. Нәтижесінде сапалы білімге қол жеткізу үшін білім сапасын арттыру жолында әр өңірге және жекелеген мектептерге арналған кешенді талдау жүргізіліп, әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.