Виктор Зайберт туралы не білеміз?

Қазақ ғылымы қара нарынан айырылды. Ботай мәдениетін ашқан әйгілі ғалым, көрнекті тарихшы, археолог Виктор Зайберт 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымның дүние салуына ұзақ жылғы сырқаты себеп болған. Бар ғұмырын археологияға арнаған жан жылқының ежелгі қазақ жерінде қолға үйретілгенін дәлелдеп, әлемге әйгілеген болатын.

Виктор Зайберт – қазақ тарихын қопара зерттеген жандардың бірі. Археолог аңызға толы арқа төсінде талай құнды жәдігерлерді жарыққа шығарды. Табандап еткен еңбегі - дала өркениетінің бастауы болған Ботай қонысы. Бүгінде ол Қазақстанның брендіне айналған. 

Виктор Зайберт, тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры:

- Ұлыбританияда Бристоль университетінің ғалымдары біз жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған кермамикадан қымыздың молекуласын анықтады. Бұл ежелгі ботайлықтардың да жылқы байлағанының айқын белгісі.

Профессор Виктор Зайберт жабайы жылқылардың ежелгі қазақ жерінде жүгенделіп, асаудың алғаш ауыздықталғанын ғылыми түрде дәлелдеді. Бұл жаңалық әлемнің археология саласын дүр сілкіндіргені жасырын емес.

Сәуле Мәлікова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бес жыл бойы кураторым болып, сол кезеңде Ботай қонысын бірінші ғылыми айналымға енгізіп, Ботай мәдениетінің негізін қалап, әлемге ғылыми түрде дәлелдеп берген осы Виктор Зайберт. Ол дәлелдемені кейініректе ғалымдар Американың, Англияның ғалымдары келіп, сол деректерді көре отырып, Ботай мәдениетінен табылған заттарды қарай отыра, бұл кісінің тұжырымдамасын мойындап, бүкіл әлемге адамзат тарихында жылқы малының қолға үйретілгені жөнінде айтып шықты.

Ботайдағы қазба жұмыстары 1984 жылы басталды. Содан бері бұл жерден мыңдаған құнды жәдігер табылды.

Сәбина Әмірова, «Ботай» музей-қорығының экскурсоводы:

- Виктор Зайберт аңыз адам еді. Менің архелогия саласына келуіме де сол кісі түрткі болды. Соңғы бірнеше жыл қазба жұмыстарында бірге болдық. Осындай адаммен әріптес болғанымда менде арман жоқ шығар деп ойлаймын. Туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Виктор Зайберт  – Солтүстік Қазақстан жерінің ежелгі тарихы жайындағы 100 ден астам монографиямен ғылыми мақалалардың авторы. Ғалым 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Марқұмның денесі жұма күні жер қойынан тапсырылады.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов