Гуманитарлық мамандық иелері педагогикамен айналыса алмайды

Сол себепті қостанайлық мұғалімдер қайта даярлаудан өтуге міндеттелді. Бірақ бұл үшін бір жылға жуық уақыт пен қыруар ақшаны сарп етуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұстаздар мұндай шығынға дайын емес. Арысбек Бағдәулетұлы 2017 жылғы Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі. Бірнеше жылдан бері өңір мектептерінің бірінде мұғалім болып жүр. Тәжірибелі педагог-модератор. Бірақ таяуда кейіпкеріміз оқушылармен жұмыс істеуге құқы жоқ екенін білді. Сөйтіп қайта даярлаудан өтуге міндеттелді. Себебі оның игерген мамандығы филология екен.

Арысбек Бағдәулетұлы, мұғалім:

– Біздің мектепке ДКСО-дан тексеріс келді де, сіздердің дипломдарыңыз мұғалім болып жұмыс істеуге жарамайды деп жатыр. Енді біз не істейміз? Бізге қосымша даярлау курсынан өтесіз деді. Ал даярлау курсының бағасы өткен жылы 250 мың теңге болған екен. Биыл 350 мыңға дейін көтерілген екен. Оны өзіміз төлеуіміз керек. Сонда біз 4 жыл білім алу үшін оқыдық, төледік. Әрі қарай магистратурамызды оқыдық. 6 жылымызды сарп еттік.

Қарапайым мұғалімнің әріптесі де осындай «үкім» алған. Ол да жергілікті университетті бітірді. 9 айлық курсты өту үшін екеуіне алғашында жұмыстан шеттелетіні ескертілген. Оның үстіне қалтасынан шығара қоярлық артық ақшасы да жоқ.

Әлмұрат Ахметов, Қостанай ауданындағы мектеп директоры:

Мен сіздерге оқып бергім келіп отыр. «Рекомендовано пройти курсы переподготовки». КГУ-дың берген дипломдары ғой, кейінгі жұмыстарда жарамсыз болып қалып жатса, сондайда кішкене кедергі болмауы үшін сіздер осы 8 айлық курстан өтіп алғандарыңыз дұрыс деп, ұсынысты айттым. Олар дұрыс түсінбей қалған шығар деп отырмын. Жаңа ол балалармен сөйлестім, олар да қазір түсінгендей болды. 

Жас мамандарды әу баста әмбебап деп түсіндірілген мамандықтарының педагогика ісінде жарамсыз болып қалғаны алаңдатады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

Заң бар ғой. Арнайы білімі бар мұғалім ғана осы салада жұмыс істей алады. Ондай білімі болмаса, ол азаматтың мектепте істеуіне рұқсат жоқ. Филология мамандығының ауқымы кең. Егер азамат ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде сабақ беріп, дипломына сай жұмыс істесе, оған ешкім тыйым сала алмайды.

Гуманитарлық мамандық иелерін педагогикаға қайта даярлауды бюджет есебінен жүргізу мүмкін болмай тұр. Құзырлы мамандар мұны уақыт еншісіндегі мәселе деді.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ департамент директорының орынбасары:

– Егер азамат жоғары білімі болатын болса, егер өзінің мамандығын ауыстырғысы келетін болса, олар екінші жоғары білімді ақылы алады. Ол жаңалық емес. Былайша айтқанда педагог болып жұмыс істеу, курстардан өту, былайша айтқанда екінші дипломмен теңестіріледі.

Елімізде 3,5 мыңнан аса мұғалім жетіспейді. Ең қызығы, ұстаздыққа қызығып жүрген өзге мамандық иелері көп екен. Міне, қайта даярлау курстары оларды бейімдеуге бағытталып отыр. Мемлекеттің бастамасын өңірдегілер дұрыс түсінбей жатады. Кесірін Арысбек сынды қарапайым азаматтар көріп жататыны өкінішті.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Данияр Сұлтанұлы