Балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті

Биыл 1 сәуірден бастап балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті. Өтініштің 160 мыңнан астамы электронды форматта қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған және egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

«Біз азаматтарға көрсететін барлық қызметті автоматтандыруға баса мән береміз. ҰБТ және барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілді. Мұның артықшылығы өте көп. Оның ең бастысы барлық процестің ашықтығы. Біз барынша ашықтық пен азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейміз. Балаларды 1-сыныпқа қабылдауға өтініштердің басым көпшілігінің электронды форматта тапсырылуы ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екенін көрсетеді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.