Шымкентте жас сарбаздар сынға түсті

Шымкентте әскери-патриоттық клубтар мен «Жас Сарбаз» кадет сыныптары өзара сайысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің базасында өткен олимпиадаға жүзден астам тәрбиеленуші қатысты. Тараз, Қызылорда, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының оқушылары алғашқы әскери дайындығын көрсетіп, тест сұрақтарына жауап берді. Пневматикалық атыс қаруымен нысана көздеп, сұрмергенді анықтады. АК–74 автоматын бөлшектеп-жинаудан уақытқа жарысты. Түрлі кедергілерден өтіп, әскери шеберліктерін сынады.

Ернұр Асланбек, олимпиадаға қатысушы:

Мектепке түскенімде тек қана әскери тәртіпті үйренемін деп ойладым. Бірақ бұдан да шыңдалып республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, болашаққа өз іс-әрекетіммен нық қадам басамын деп ойлаймын.

Медғат Мадрахимов, С.Рақымов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебі бастығының орынбасары:

– Мұнда қазір келіп, қатысып жатқан тәрбиеленушілер клубтар мен ұйымдар бұлар арнайы мектептің оқушылары. Бұлардың әскерге деген ынтасын, жігерін арттыруға сеп болады деген ойдамын.