Ақтөбе облысында өнер мектебіне жаңа ғимарат керек

Мәртөк ауылында 1942 жылы салынған мектеп бар. Аты өнер-білім ошағы демесең, қазір кетеуі кетіп, іргетасы шөккен. Бұл – атақты күйші Қамбар Медетов атындағы өнер мектебі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйтсе де мұндағы үйірмелерге қатысатын оқушы саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймаған. Бақандай 500 бала оқып жүр. Алды республика бойынша олжа салып, талайды тамсандырған өнерпаз. Сол оқушылар көбейген сайын мектеп те тарылды. Өзі ескі болған соң онда қандай күй болсын. Бұл өнер мектебі ұжымының қазір қолға алып отырған амалы. Әзірге басқа амал жоқ. Себебі өткен ғасырдың орта шеніне таяу салынған нысанның жалпы аумағы 300 шаршы метр шамасында. Ал бөлмелері өте тар.

Айжан Өксікбаева, Қ.Медетов атындағы өнер мектебі директорының орынбасары:

– Бір залды көріп отырсыз екіге, үшке бөліп қойғанын. Соған қарамастан біздің мұғалімдер жұмыс жасауда. Соның ситуациясын тауып, әр баланы ыңғайына қойып, сабақтарын сағаттарына қойып. Біздерде бір баламен жеке индивудиально жасайды жұмысты мұғалімдер. Ал топтық жұмыс хореграфия және бейнелеу өнері.

Бүгінде мұнда 504 бала екі ауысымда білім алады. Олар дәстүрлі ән, би, күй, домбыра, фортепиано және өзге де бағыттар бойынша үйірмелерге қатысып жүр. Бөлмелер тар болған соң,үлкен залда бірден бірнеше өнер түрі дәріптеледі. Ал би дәлізде өткізіліп жүр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

1942 жылы салынған өнер мектебінің ішінде қазіргі таңда 6 бөлме бар. Бірақ әрқайсысының көлемі өте тар. Мәселен, мына ән-күй класында бар болғаны 4 шаршы метр. Ал, қарама-қарсы орналасқа баян класында да дәл осындай көлемде. Тіпті екі адамның өзі әрең сияды. Мұғалімдердің айтуынша, қазір мектептің іргетасы да шөге бастапты.

Өнер мектебінің қазіргі жайына қарамастан, дарынды балалардың жеткен жетістіктері көп. Аудан мен облыс намысын талай республикалық және халықаралық байқауларда қорғап, жүлделі орындарды иемденген. Ал ғимаратқа бұған дейін екі рет күрделі жөндеу жүргізіліп, есік-терезелері, едені және жылу жүйесі ауыстырылса да, мәселе толық шешілмепті. Қыс кезінде нысан іші жылымайтын көрінеді.

Нұржан Әшімов, Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Жалпы бізде аудан бойынша екі қосымша білім беру мекемесі бар. Екі мыңға жуық оқушылар соны қамтуда. Осындай ғимараттың сыйымдылығы дұрыс болмаған соң қосымша біліммен қамтитын балалар тағы бар бізде. Бірақ мүмкіндік болмай тұр. Егерде жаңадан салынған ғимарат болса, онда қосымша біліммен айналысатын оқушылардың саны көбейер еді.

Өнер-білімге құштар балалар саны көбейген соң өнер мектебіне осыдан төрт жыл бұрын көрші тұрған бұрыңғы Достық үйі қосымша берілген. Алайда оның да ескіргені байқалады. Мектеп ұжымы ол ғимаратты тек мереке күндері концерт өткізуге қолданып жүр. Ал бұл мәселеден хабардар жергілікті билік өкілдері дарынды балалар үшін жағдай жасайтындарын айтады. Қазірдің өзінде жалпы құны 700 млн теңгеден асатын жаңа нысанның жоспары әзірленген.

Нұрмахан Құлшанаев, Мәртөк аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

– Екі қабатты ғимарат. Ішінде өнер жағынан да балаларды дайындауға барлық мүмкіндік жасалған және шығармашылық жағынан да қарастырылған. Екі мыңнан астам шаршы метрді қамтиды жаңағы ғимарат. Өзінің концерттік залы бар шағын 120 орындық. Екі мектепті сол жерге қосып «Өнер орталығы» деген ашатын осындай жоспарымызда бар.

Бүгінде Мәртөк ауданы бойынша бес мыңнан астам оқушы бар. Мамандардың айтуынша, оның жартысына жуығы қосымша біліммен қамтылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев