Әлеуметтік желіде Қызылордада жеке оқу орталығындағы салғырттыққа қатысты видео тарады

Жұқа жаялықты суық еденге жайып, қамсыз ұйқыға кеткен баласын әлеуметтік желіден көрген Майра Қайырбекқызы – дегбірі  қашып, түсті әрең болдырып, жұмыстан шыға оқу орталығына жүгірген, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Келе сала бұған дейін карантин деп кіргізбеген ғимаратты өзге ата-аналармен бірге аралап, біраз былыққа көз жеткіздік дейді.            

Майра Қайырбекқызы, қала тұрғыны:

Суреттен көріп, аяқ-қолым дірілдеп әрең жеттім түскі уақытта. Баламның еденде ұйықтап жатқанын көріп, шыны керек жыладым. Баламның сондай дәрежеде ақша төлеп, білім алсын деп беріп отырмыз ғой. Азаннан кешке дейін оқытамыз, ұйықтатпаймыз түстен кейін үйірме болады деп айтқан болатын. Бірақ бірде-бір үйірмесі жоқ, шын мәнісінде.

Жадыра Мерденова, қала тұрғыны:

Осы уақытқа дейін айтпаған кәсіпкерді жауапқа тартуды сұраймын құзырлы органдардан. Құзырлы органдарға жазылды. Осы кезге дейін осы мекемедегі былықтарды білмегенбіз. Қанша ата-ана білместікпен әлі талай береді. Сол себепті осы мекемені жабуды өтініп сұраймыз. 

Ата-аналардың арыз-шағымынан кейін оқу орталығына арнайы мониторингтік топ келіп, нысан ішіндегі санитарлық жағдаймен танысып шыққан. Шыбын-шіркей қаптаған нысаннан спирттік ішімдік шөлмектері табылды. Тазалық жөнінде кемшіліктер баршылық, бірақ қорытынды шығаруға әлі ерте дейді,- топ өкілдері.

Айгүл Мырзағалиева, облыстық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары:

Анықталған мәліметтерге сәйкес тиісті құзырлы органдарға бірінші нақтылап, бәрін көріп сосын ұсыныстар береміз. Жалпы оқу орталығы лицензияланбайды. Олар белгілі бір уақытта ғана балаларға қосымша білім беру ретінде жұмыс жүргізу керек.

Ал жүзге жуық бала білім алатын оқу орталығының басшысы тағылған айыптармен келіспейді және мұны әдейі ұйымдастырылған деп санайды. Орталықтың қызметкері осы видеоны әлеуметтік желіге жүктемесін десең қомақты қаржы бер деп бопсалағанын да алға тартып отыр. Сондықтан жалған ақпарат таратқандарды сотқа беріп, істің ақ-қарасын заң жүзінде анықтаймыз,- дейді кәсіпкер.   

Айнұр Сүндетова, жеке оқу орталығының басшысы

Ана жерде тамақтың бәрін өзі әдейі қойып, сосын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жіберемін, дау-дамай, астарлы ақиқатқа жіберемін болмаса маған 500 мың тг бересіз деп жазғандары бар. Оны тек ҚПБ арқылы ақпаратты аласыз. Облыс прокуроры мені шақырды. Кәсіпкер ретінде маған көп қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Және өзі көмектесетінін, бұл жерде көп нәрсе шикілік бар екенін, қасақана ұйымдастырылғанын түсінді. Бұл істе міндетті түрде нүктені біз қоямыз.

 

Айына 28 мың теңге төлеп, баласын оқытып келген ата-аналар қазір оқу орталығынан балаларын алып кетіп жатыр. Білім беру нысаны жөніндегі мәселені назарда ұстайтын боламыз.

 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев