loader


Қазақстандық оқушылар алғаш рет гимназиадаға қатысты

Францияның Нормандия өлкесінде мектепшілік олимпиада өтіп жатыр. Оған алғаш рет Қазақстан құрамасы да қатысты. Ұйымдастырушылар бұл сайысқа еліміздің мықты командасы барғанын айтады. Сондықтан үздік үштікке ілігеміз деген үміттері бар.

Францияның 9 қаласында мектепшілік Олимпиада ойындары өтуде. Нормандияға әлемнің 80 елінен спортшылар келді. Қазақстан Гимназиадаға алғаш рет өз командасын жіберіп отыр. Бүгінде 250-ге жуық оқушымыз ел намысын қорғауда. Олардың көпшілігі алғаш рет шет елге шыққандар.

Ерболат Сыздық, гимназиада жеңімпазы:

- Құдай қаласа, Олимпиада мен әлем чемпионаттарында топ жарып, еліміздің туын биікке көтеремін. Шетелге шығу, жарыстарға қатысу, жаңа адамдармен танысу балалар үшін үлкен тәжірибе.

Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабының мәлімдеуінше, бұл спорт алаңдарында болашақ Олимпиада чемпиондары өнер көрсетеді. Қатысушыларға екі талап қойылады - мектеп оқушысы мен өз спорт түрі бойынша үздік болу. Марапаттары да жақсы болмақ. Бастапқы құрама үздік командалар қатарынан орын алады.

Сағдат Садықов, ҚР БҒМ Ұлттық дене тәрбиесі орталығының бас директоры:

- Биылғы жыл Балалар жылы деп жарияланды. Осы орайда үлкен іс-шара жасалып отыр. Қазақстандық команда мұнда өз өнерлерін көрсету үшін келді және жеңіске жетіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз еліміздің туын биікке көтеру үшін үздік үш құраманың қатарынан көрінуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл балалардың арасында болашақ Олимпиада чемпиондары бар екеніне сенімдіміз.

Гимназиадаға қатысу балаларды ынталандыратын факторлардың бірі болуы керек. Білім министрлігі тіпті дене шынықтыру сабақтарының тәсілдерін қайта қарауға және жеңімпаздарды қалай қолдауға болатынын анықтауға дайын. Ұсыныстардың қатарында үздік спортшыларға білім гранттарын тағайындау да бар. Біздің делегаттар үшін гимназиада француз және халықаралық тәжірибені үйренуге мүмкіндік берді. Солай мектеп оқушыларының денсаулығын спорт арқылы шыңдап, болашақ спорт жұлдыздарын анықтауға болады.

Анастасия Колода, гимназиада жеңімпазы:

- Бұл менің бірінші халықаралық деңгейдегі жарысым. Бұл жер маған қатты ұнады. Балалар сондай ашық-жарқын. Жалпы маған бәрі ұнап жатыр.

Арина Гладышева, гимназиада жеңімпазы:

- Бұл сапардан үлкен тәжірибе мен мотивация алдым. Жаттығуды жалғастырып, алға ұмтылып, жеңіске жетуге, қазірдің өзінде алтын медаль жеңуге тырысамын.

Қазақстан осы мектепішілік Олимпиада ойындарында, делегатымыз Нұржан Нұрахметовтің Халықаралық мектеп спорты федерациясының атқарушы комитетіне алғаш рет кіруімен де ерекшеленді. Бұл еліміз жас ұрпақтың денсаулығы үшін жаһандық қозғалыстың ең белсенді қатысушысына айналғанын білдіреді.

Алия Сыздықова, Руслан Өміржан

Сондай-ақ...