Елордада «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Ауылда білім алып жатқан бір мың оқушы қаладағы ақылы мектептерде тегін оқиды.

Бүгін Елбасы академиясында «Мың бала» республикалық олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Олардың тең жартысы бесінші, ал қалғаны алтыншы сынып оқушылары. Биыл байқауға қатысуға 140 мыңға жуық бала өтініш білдірген. Ақтық сыннан сүрінбей өткендердің арасында Маңғыстау, Алматы және Қызылорда өңірлерінің оқушылары басым.

Айта кетерлігі, бұл олимпиада елде 3-рет өтті. Мақсат ауылда тұрып жатқан жасөспірімдердің сапалы білім алуын қамтамасыз ету.

Маржан Иманғалиева, "Елбасы академиясы" КҚ ресми өкілі:

- Жеңімпаздар үлкен өмірге жолдама алады. Үлкен мамандандырылған мектептерге тегін негізде және конкурссыз қабылданады. Дарын, Білім-инновация, РФМШ мектептеріне және өңірлерде Зерде сынды мамандандырылған мектептер бар. Ата-аналар балаларымен ақылдасып, өз қалауы бойынша түсуіне болады.

Ақсұлу Зекен, олимпиада жеңімпазы:

- Олимпиада маған қатты қиын болған жоқ. Сұрақтары оңай келді. Және де мен осы олимпиаданың екінші кезеңінен өткеніме қатты қуанамын. Болашақта жақсы мектептерде оқығым келеді.