Ақтөбелік оқушы шетелдік 11 университеттен шақырту алды

Енді түлектерді қай оқуға түсеміз деген сауалдың мазалайтыны анық. Ал кейбір оқушылар мектеп бітірмей жатып, шет елдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылданғандар да бар.

Мәселен, Өскемендегі екі оқу ордасының 30-ға жуық түлегі әлемге танымал жоғары оқу орындарының сынағынан мүдірмей өткен. Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы шетелдік 11 университеттен шақырту алған.

Гүлназ Аманжолова Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдап отыр. Алты жыл білім алған оқу ордасына алғысы зор. Себебі ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-ананың тал бесіктен берген тәрбиесінің арқасында әлемге танымал 11 оқу орнынан шақырту алған. Оқу озаты Американың Калифорния штатындағы Питцер университетін таңдапты.

Гүлназ Аманжолова, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:

- Мен экономика саласын таңдадым. Америкадағы оқу орны жылына 85 мың АҚШ доллар көлемінде грант бөлгелі отыр. Бұл білім алуыма да өмір сүретін жатын орным мен азық-түлік шығынымды да өтеуге жеткілікті. Мені қолдап, арманымның орындалуына көмек көрсеткен ата-анам мен ұстаздарыма, достарыма алғысым шексіз.

Бұл білім ордасын биыл 158 оқушы тәмамдады. Оның 12-і шетелдік оқу орындарынан шақырту алып үлгеріпті. Тағы 50 түлектің емтихан нәтижесі санаулы күннен кейін белгілі болады. Мұндай жетістікке қол жеткізудің бір себебі мектепте дәстүрлі теориялық білім берумен қатар жеткіншектердің ғылыми-жобалық бастамаларын қолдауға да аса көп көңіл бөлінеді.

Сәуле Өмірбекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

- Мектебіміз республиканың алаңында Үздік олимпиадалық мектеп атауына ие болды. Біздер үшін ол үлкен қуаныш. Балаларымыз бір апта болған шығар, Мәскеуден 1-2 жүлделі орындармен келді. Негізі мектебімізде ғылыми-жобалық жұмыстарды дамыту - ол негізгі бағытымыз.

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-инновация» лицейінің 30-ға жуық оқушысына да қазірдің өзінде Гонконг, Германия, Испания, Швейцария, Америка, Оңтүстік Корея, Катар сынды мемлекеттерден шақырту келген. Олардың жеңіп алған гранттарының сомасы 840 миллион теңге шамасында. Тіпті, бір өзі бірнеше елдің жоғары оқу орындарының грантын иеленгендер де бар. Мәселен, 4 тіл білетін Махамбет Исмайловты әлемнің алты бірдей университеті шақырған. Ал Данияр Жұмағұловқа Гонконг пен Оңтүстік Кореяның үздік білім ордалары қызығушылық танытқан. Оның таңдауы соңғысына түсіп отыр. Атап өтерлігі, екеуі де - бір мектептің түлегі.

Махамбет Исмайлов, түлек:

- Таңдаған бойынша Катар университеті. Әлем бойынша саясаттағы 12 орында тұр. Сол үшін оны таңдағанмын. Осындай жетістікке жетуіме көп тіл білуім көмектесті. Негізі әр адамның өзіне байланысты. Кез келген оқушы ізденіп оқыса, білімге ынтасы болса көптеген жетістікке жете алады.

Данияр Жұмағалиев, түлек:

- Әлемде осы университетке бір жылда тек қана 13 оқушы түседі. Және мен осы 15-ке кіргенім үшін қуаныштымын. Осы университеттті оқып, магистратураны бітіріп, Қазақстанға келіп, біздің ғылымды дамыту үшін үлес қосамын деп ойлаймын. Себебі біздің Қазақстанға ғылым өте керек.

Айта кету керек биыл елімізде 170 мыңнан астам түлек мектеппен қош айтысты. Олардың 8 139-ы - алтын белгіге үміткер.

Мансұр Есқожин, Азамат Қасым, Айнадин Молдабеков