Бішкекте ҚазҰУ филиалы ашылады

Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ертең жасайтын ресми сапары барысында өзі ашады. Мемлекет басшысының бұл сапарын қос тарап та тағатсыздана күтіп отыр. Себебі екі ел арасында шешілмеген мәселелер бар.

Соңғы дайындықтар. 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі филиалы осы ғимаратта орналасады. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз шешімі болатын. Қырғызстанға 2019 жылы жасаған мемлекеттік сапары аясында айтылған сөз осылайша орындалды. Бұған дейін қырғызстандық студенттер Қазақ ұлттық университетін Алматыға барып оқитын, енді Бішкектен шықпай-ақ диплом ала алады. Жаңа оқу жылында мыңға тарта қырғызстандық студентті қабылдау жоспары тұр.

Айта өту керек, бұл Қазақ ұлттық университетінің өзге елдегі екінші филиалы, біріншісі осы мамырда Ыстамбұлда ашылған.

Арслан Мехмет, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ проректоры:

- Біздің университет түркі және ислам әлемінің үздігіне айналып келеді. Ташкент пен Мысыр мемлекетінен, Иордания мен Армениядан филиал ашуға ұсыныс түсті. Жоғары білім саласында QS рейтингі бар, әлемнің ең үздік 200 университетінде 175-орында тұрмыз. Бұл рейтингте Малайзиядан бір ғана университет, Түркия елінен бұл тізімге бір де бір оқу орны ілінбегенін ескерсек, бұл біздегі білім сапасына берілген ең жоғары баға.

Адамның жақсы болуы өнер-білімінде дейді Абай. Ал Абайды қырғыз халқы аз білмейді. Оқиды, құрметтейді. Сол құрметтің нышаны – Бішкекте ашылатын Абайдың еңселі ескерткіші болмақ. Әзірге мүсін сырт көзден мына ақ матаның астына жасырылған. Ертең Қазақстан Президентінің ресми сапары барысында ашылады.

Азамат Жаманқұлов, Қырғыз республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі:

- Бұл нені білдіреді? Абайдың айтқан ойлары, Абайдың шығармалары Қырғызстанда жақсы тарала бастады. Былтыр Абай жылына қарата біз көптеген іс-шараларды Қырғызстанда өткердік. Қырғыз тілінде кітаптары, шығармалары шықты, қазір университеттерде, мектептерде Абайдың оқулары оқылып, Абайдың конференциялары өткізіліп, Абайды қырғыздар оқып жатқан уақыт. Абайдың дүниесін қырғыз ашып жатқан мезгіл. Сондықтан ескерткіштің ашылуы Абайдың Қырғызстандағы екінші өмірі басталады деген сөз.

Енді сапардың саяси-экономикалық салмағына келсек. Президенттер ертең шағын құрамда кездеседі, сосын кеңейтілген форматта отырып, сауда, инвестициялық қатынастарды талқылайды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы - қазақстандық тараптың мәліметі бойынша 970 млн доллар. Ал қырғыз тарапы 1 млрд доллардан асырдық деп отыр. Әйткенмен де, экономист сарапшылар бұл статистиканы тіпті еселеп өсіруге болатынын айтады.

Эльдар Абакиров, экономист:

- Потенциал өте жоғары. Біз бір млрд доллардан екі млрд долларға дейін шығарсақ болады, егер тіл табыса алсақ. Су жағынан, жүк тасу жағынан мәселелерді шешсек болады. Ол үшін Қырғызстан ішінде де, Қазақстан ішінде де максималды түрде ашық сөйлесіп, коррупцияны жоққа шығарып, ашық мәмілеге өтсек.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Мәмілеге келер мәселе аз емес. Соның бірі - шекарадан кіріп-шығу мәселесі. Кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың да кедендегі кедергілер азайса деген тілегі бар. Бұл ретте қазақ-қырғыз шекарасында тағы бір сауда-логистикалық орталық салынбақ. Ертең президенттер оның құрылысын бастауға ресми түрде рұқсат бермек. Сондай-ақ ертең Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров «Ала-Арча» резиденциясынан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысады.

Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы