Алматылық оқушыны шетелдің ондаған университеті шақырып отыр

Алматылық жас түлек Мейіржан Әбдіқадыр алдағы Ұлттық бірыңғай тестті қалай тапсырсам деп емес, қай университетті таңдасам деп ойланып жүр.

Оқу озаты шетелдің ондаған университетінен шақырту алыпты. Физика мен математикадан халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпазы болашақта қаржы маманы болам дейді. Бүгін ол өзі оқыған «Білім-инновация» лицейіндегі соңғы қоңырауға қатысты.

Мейіржан Әбдіқадыр бала кезден есеп шығаруға бейім болып өскен. 7-сыныптан бастап ол мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатында оқиды. Күрделі матетамикалық формулаларды шығарып, білімін жетілдірді. Сөйтіп қалалық және республикалық зияткерлік жарыстарда үнемі үздіктер қатарында болады. Әлемде білімді, талапты жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан Мейіржанның жетістіктерін байқаған шетелдік бірнеше жоғару оқу орны оған білім грантын ұсынып, оқуға шақырған. Жас түлек өз таңдауын жасапты.

Мейіржан Әбдіқадыр, жас түлек:

- Менің таңдауым – Гонгкоктың STU атты университеті. Бизнес, экономика және қаржы факультетіне барып жатырмын. «Болашақта университет бітірген соң еліме қайтып, адал қызмет етуге үмітім бар. Сондай ұстанымым бар.

Биыл лицейдегі оқуын 77 түлек тәмамдады. Көбісі еліміздің жоғарғы оқу орындрына алдын ала білім гранттарын жеңіп алды. Сонымен қатар шетелдік беделді университеттерге оқуға түскендер де бар. Шәкірттерінің жетістіктеріне ұстаздары риза.   

Арыстанбек Мәулетұлы, «Білім-инновация» лицейінің директоры:

- Бұл жыл сайын болатын құбылыс. Мұның барлығы ұстаздарымыз күн-түн демей еңбектеніп одан кейін оқушыларымыздың білімге деген құштарлығының арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз.

Лицейдегі соңғы қоңырауға оқушылардың ата-аналары белсенді қатысты. Олар ұлдарына саналы тәрбие, сапалы білім берген ұстаздарға алғысын айтты. Жалпы, биыл Алматы мектептерін 12 мыңнан астам түлек бітірді. Оның 613-і «Алтын белгіге» аяқтапты. Ал республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша алматылық озат оқушылардан құралған құрама команда бірінші орынды жеңіп алған. 

А.Садуақас, Э.Кон