Пандемияда мектептерді жапқанымыз дұрыс болмады – Бүкіләлемдік білім форумының сарапшылары

Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылған алқалы жиынға қазақстандық делегация да қатысып, ковидтен кейінгі білім беру жүйесін жетілдіру жолдарын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Білім: болашаққа бірге нық, сенімді және батыл қадам». Бұл биылғы форумның басты тақырыбы. Жиынға 115 елдің өкілі келген. Білім министрлері мен тәжірибелі мамандар салаға қатысты заманауи тенденциялар мен проблемаларды 4 күн бойы талқылайды. Атап айтқанда, білім берудің қолжетімділігін, сапасын және инклюзивтілігін арттыру бойынша жаңаша пікірлермен бөліседі.

Эрик Лори, Британ кеңесінің Қазақстан және орталық Азия бойынша директоры:

- Бұл білім саласының бірінші басшыларымен тәжірибе алмасып, байланыстар орнатудың бірден бір мүмкіндігі. Маңыздысы, бір-бірімізден үйреніп, жетістіктерімізді салыстыруға жағдай жасалып отыр. Бұл басқосу, әсіресе, ковидтен кейін өте ерекше мәнге ие болып тұр. Өйткені пандемия кезінде көптеген мемлекеттердің білім жүйесінің қатты ақсаңдағаны рас.

Иә, денсаулық саласындағы дағдарыс білім беру жүйесіндегі күрмеулі мәселелердің бетін ашты. Кең жолақты интернет пен онлайн білім беру үшін қажет компьютерлердің жоқтығы, цифрлық форматта сабақ өткізуге мұғалімдердің дайын еместігі саланы тығырыққа тіреді дейді мамандар.

Хамад Бин Мұхаммед Әл-Шейх, Сауд Арабиясы корольдігінің білім министрі:

- Пандемия кезінде мектептердің жабылуы дұрыс шешім болмады. Көптеген мемлекет осыны түсінді. Әрине, білім берудің баламалы түрлерін ұсыну және оқушыларды өз бетімен оқуға баулу ұзақ мерзімді перспективада өте маңызды. Бірақ мектептер жабылмауы керек еді. Болашақта халықаралық ұйымдар мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалайды деп үміттенемін.

Қатысушылар қатарында қазақстандық білім беру жүйесінің өкілдері де бар. Халықаралық бағдарламалар орталығының және Ақпараттық-талдау орталығының басшылығы басқа елдердің білім берудегі әдіс-тәсілдерімен танысып, нәтижелерге жетудің тың жолдарын үйренді. Жалпы, отандық білім жүйесі де пандемия кезінде әлсірегені рас. ЮНИСЕФ-пен бірге жүргізілген зерттеулердің толық қорытындысы әзірге шығарылмады. Бірақ алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік емес.

Мағжан Аманғазы, «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Мұғалімдерден сауалнама алып бастадық. Сол сауалнамалардың алғашқы нәтижелеріне қарасақ мұғалімдер пандемия кезінде балалардың білім сапасы төмендеді деген жауаптарды бізге беріп жатыр. Екінші бағыт оқушылардың нақты оқу жылы кезінде алған бағаларын пандемияға дейін, пандемия кезінде және пандемиядан кейін осы үш уақытта алып салыстырып, жақын арада алатын боламыз.

Пандемиядан бөлек, білім беру жүйесі бетпе-бет келген сынақтар көп. Климаттық дағдарыс, саяси тұрақсыздық, әскери қақтығыстар өскелең ұрпақтың болашағына балта шабуы мүмкін. Олар жылдам дамып, геометриялық прогрессияда тығырыққа тіреген тұста білім беру жүйесі де сәйкесінше жауап бере білуі керек. Сыртқы тәуекелдерге қарсы тұру үшін инновацияларға басымдық берілуі тиіс. Болашақты болжап, қауіп-қатерлердің алдын алғанда ғана оны басқару оңай болмақ дейді сарапшылар.

Ғалымжан Қараманұлы