Таразда алғаш рет оқушылар сарайы ашылды

«Бақытты болашақ» деп аталатын кешенді үйірмелер ордасы балалар жылына арнайы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда робототехника, аэроквантум, планетария сияқты сұранысқа ие 84 үйірме жұмыс істейді. Ғимарат білімге, ғылымға, жалпы жасөспірімдердің ізденіп, зерттеумен айналысуға қажетті барлық заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Жаңа сарайдың ашылуы сабақтан тыс уақытта оқушылардың білімдерін жетілдіріп бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Енді 7 мыңға жуық бала мектептен тыс қосымша білім алу шараларымен қамтылмақ.

Айдын Досыбаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Түрлі бағытта бұл жерде қосылып отырған планетария, обсерватория, робототехника, аэроквантум деген сияқты үйірмелерде балалар өздерінің қосымша білімдерін жетілдіреді. Бұған дейін Тараз қаласында сарай болған жоқ. Тұңғыш рет облыс орталығында ашылып отырған сарай. Жалпы біздің облысымызда 76 мектептен тыс қосымша білім беру орталықтары бар. Бұл үлкен сарайдың ашылуы одан да ары қарай балалардың қосымша білім алуына үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр.