Петропавлда жасы 60-қа таяған студент диплом алуға дайындалып жатыр

Білім алуға ешқашан кеш емес. 60 жасқа таяған Марат Нығыметов алғашқы дипломын алуға дайындалып жатыр. Солтүстік қазақстандық азамат 18-19 жасар бозбалалармен бірге жаттықтырушы-оқытушы мамандығын меңгерген. Жасамыс студенттің жоспары қандай?

Петропавлдық Марат Нығыметов осыдан үш жыл бұрын облыстық Олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжіне оқуға түскен. Ол өңірдегі ең егде студент. Биыл білім ордасын тәмамдап, қолына алғашқы дипломын алады.

Марат Нығыметов, студент:

- Колледжге құжатымды тапсырдым. Ешкімнен  ұялған жоқпын. Себебі білім алуға ешқашан кеш емес деп ойлаймын. Қыркүйектің 1-і күні аудиторияға кірдім де жастар мен сендермен оқимын дедім. Топтастарымның басында таң қалғандары рас. Бастысы кейінгі буынмен тез тіл табысып кеттім.

Марат Нығыметов спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Өмір бойы каратэ, бокспен айналысқан. Енді ауыр атлетикамен кір тасын көтерумен әуестене бастаған.

Марат Нығыметов, студент:

- Қазір міне 56-дан асып барам. Бірақ өзімді 18 жастағы бозбаладай сезінемін. Менің жасым маған еш кедергі емес. Алдыңа мақсат қойсаң оған қалайда болсын жете білуің керек. Осыны мен жас өрендерге үйретіп келемін.

Колледж ұжымы студентті Марат аға дейді. Алпысқа жақындаса да спорттық нормативтерді жақсы көрсеткішпен орындайды.

Ольга Остафейчук, облыстық олимпиада резерві мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары:

- Құжаттарын тапсырғанда не істерімізді білмей, аздап абдырап қалғанымыз рас. Кейін білім басқармасына хабарласып ақылдастық. Физикалық сынақпен тестілеуден жақсы өтті. Бірақ алғашында ол кісіге аздап қиындау болды. Әсіресе жазу кезінде жастардан қалып қоя беретін. Уақыт өте келе үйреністі.

Бірер айдан соң Марат Нығыметов алғашқы дипломын алады. Бұйыртса, енді универститетке оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев