«Worldskills Kostanay-2022» чемпионатының үздіктері анықталды

Қостанайда өңірлік «Worldskills» чемпионаты қорытындылады. Жұмысшы мамандығының беделін арттырып, студенттердің кәсіби шеберлігін жетілдіруді көздейтін додаға 275 болашақ маман қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«WorldSkills» өңірлік чемпионатына тұңғыш рет қатысып, жеңімпаз атанғандардың бірі – Жансая Сандыбекова. Болашақ мұғалім «Кіші сыныптарды оқыту» номинациясында үздік атанды. Студент төрт модульді күрделі сынақтан сүрінбей өткен.

Жансая Сандыбекова, «Worldskills Kostanay-2022» чемпионатының жеңімпазы:

– Өзіміздің жеке сайтымызбен қалай жұмыс істей алатынымызды көрсеттік. Ғаламторда қандай сайтарды қолданатынымызды, яғни жан-жақтылығымызды көрсеттік. Осы күнге дейін үйреткен эксперттеріміздің, мұғалімдеріміздің білімдерін көрсетуге және үміттерін ақтауға тырыстық. Жалпы қиындықтар болған жоқ. Тек қана қобалжу болды.

Үздіктер марапаттау рәсімінен кейін болашақ жұмыс берушілердің қарамағына алынды. Қатысушылардың жұмысын әлеуметтік серіктестік мекемелер мен аймақтағы бірқатар іргелі кәсіпорын өкілдері бағалады.  

Оксана Деряга, өңірлік «Worldskills Kostanay-2022» чемпионатының сарапшысы:

Жеребе бойынша біз ауысып отырдық. Бір қатысушыны екінші рет бағалауға тыйым салынды. Яғни бәрі әділдікке негізделді. Мысалы, мен аспаздардың еңбегін бағаладым. Байқағаным, жылдан-жылға студенттердің деңгейі артып келеді. Барлығы креативті тұрғыда ойлай біледі.

Болашақ мамандар додасы екі аптаға созылды. Олар алты жұмысшы мамандығы ішінен 40-тан аса бағыт бойынша бақ сынады.

Сандуғаш Алматова, Торғай гуманитарлық колледжінің директоры:

– Үш жыл қатарынан қатысып келе жатырмыз. Әрине нәтиже жоқ емес. Бар. Біріншіден, студенттердің шыңдалуына, бағыт-бағдар алуына негізгі көрсеткіштерімен бұл үлкен әсер алады. Екіншіден, жылма-жыл ол студенттерді әкелмейміз ережеге сәйкес. Басқа бірінші курстың немесе басқа түлектерді әкелеміз. Сондықтан олардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, оқыту манерасы, үйрету тәсілдері ерекше.

Енді жеңімпаздар күзде өтетін ұлттық чемпионатта облыс намысын қорғайды. Әрі қарай халықаралық кезеңнің жолдамасына таласады. Ал ондағы қостанайлық студенттердің жетістігі толағай. Сегіз жыл ішінде олар бес күміс және бір қола медаль ұтып алды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров