Дүниежүзілік гимназиада-2022 жеңімпаздары ЖОО грантына ие болды

Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды. Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада-2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді.

Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алғанын естеріңізге сала кетейік. Осылайша ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын. Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады.