Шымкентте 9 айға созылған спорттық сайыстың жеңімпаздары анықталды

Шымкентте мектеп оқушылары арасында тоғыз айға созылған спорттық сайыстың жеңімпаздары анықталды. Жас өрендер футбол, волейбол, баскетболдан бөлек интеллектуалды ойындардан да сынға түсті. «Шымкент жастар лигасының» жүлдегерлерін қала әкімі мен белгілі спорт майталмандары құттықтады.

Салауатты өмір салтын наисхаттаған лига екінші жыл қатарынан өткізілді. Спорттық шараға 151 орта білім беру мектебінен 514 команда қатысты. 6 мыңға жуық оқушыны қамтыған сайыстың жүлде қоры да қомақты. Демеушілер есебінен 80 млн теңге жиналып, жеңімпаз командаларға 20 миллион теңгеден үлестірілді. Бұл қаржы мектептің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға жұмсалады.   

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Былтыр алғашқы жыл өткізген соң мектеп директорлары осы спорттың төрт түрі бойынша арнайы жаттықтырушылар алып, «Шымкент жастар лигасының» екінші жылына кәдімгідей дайындықпен келді.

133 команда қатысқан футбол лигасының финалдық кездесуі де осы күнге белгіленді. Тартысты доп додасы №65 мектеп-гимназиясы мен №90 мектептің командалары арасында өрбіді. Есеп 3:1. 

Ерсұлтан Бақтыбай, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Екі жыл бойы өзімізді дамытып, тренировка істедік. Жаттығу жасағанның арқасында екінші жылы өзіміздің арман-мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.

Ал интеллектуалды шахмат ойынында Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің командасы ерекшеленді. Оқушылар мектепшілік үйірменің сайыста көп пайдасы тиігенін айтады. Ұпай санымен қарсыластарын басып озған команда ауқымды шара дәстүрлі жалғасын тапса дейді. 

Мұхтар Айнақұл, Ө. Жолдасбеков атындағы №9 it мектеп-лицейінің оқушысы:

- Бірінші сыныптан бері шахматпен айналысып келе жатырмын. Қасымдағы достарым да бұрыннан бері айналысып келе жатыр. Енді еңбегіміз ақталып, бірінші орын ұтып мектебімізге 20 миллион теңге алып бергенімізге қуаныштымыз.

Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» ел Президентінің бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы тапсырмасы аясында қала әкімінің бастамасымен өткізілді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов