Narxoz университетінің жаңа кампусы ашылды

Narxoz университетінің жаңа  оқу ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі қатысты. Күрделі жөндеу кезінде соңғы үлгідегі экологиялық технологиялар, материалдар мен құрал-жабдықтар  пайдаланылды.

Электр қуатын үнемдейтін жарықтандыру аспаптары орнатылды. Жалпы жаңа ғимаратта 30-ға жуық зертхана, 112 дәрісхана және «оупен спэйс» форматындағы 115 жұмыс аймағы бар. 

Мирас Дәуленов, Narxoz университетінің президенті:

- Жақында ғана біздің университет әлемдік  жоғарғы оқу орындарының беделді рейтінгтік тізіміне енді. Сөйтіп Қазақстанда ғылыми білімді дамыту бойынша көшбасшы мәртебесін растады. Білім сапасын көтеруге күш салып, университетті жаңғырта алдық. Басты кампусты қайта құру мәселесінде де осы философияны ұстандық.

Университетте тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи  кітапхана бар. Студенттер мен оқытушыларға қолайлы жағдай жасау үшін демалыс аймақтары да қарастырылған. Ал,  шетелдік студенттер үшін «welcome center»  жеке  кеңсесі салынған.    

Мирас Дәуленов, Narxoz университетінің президенті:

- Біздің университеттен диплом алып шыққан жас мамандарға сұраныс жоғары. Олар жұмыс таппай қиналмайды. Ал, жекелеген ағартушылық бағдарламалар рейтінгісі бойынша университетіміз еліміздегі жоғарғы оқу орындары арасында үнемі үздіктер қатарынан көрінеді.  Осы бағыттағы жұмысты жалғасытыра береміз.

Сондай-ақ ғимараттың айналасына 30 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Жалпы оқу орны 1963 жылы ашылып осы күнге дейін 140 мың маман дайындап шыққан.  Университет экономика, құқық, бизнес, қаржы, мемлекеттік басқару, цифрлық технологиялар  саласында сапалы білім береді. Бүгінде Narxoz түлектері елдің саяси әрі экономикалық дамуына үлес қосып келеді.

А. Садуақас, Р. Жақыпов, «Хабар 24» Алматы.