Нұр-Сұлтанда «ASK Hack Day» мобильді қосымша жасау байқауы өтіп жатыр

Елордадағы Астана IT университетінде студенттер мен аталған саланың жас мамандарының арасында мобильді қосымша жасаудан «ASK Hack Day» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қойылған тапсырмаға сай, қатысушы 30 команда мектеп бітірушілерге және түлектерге пайдалы мемлекеттік жобалар, гранттар, стипендиялар, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсына алатын бағдарлама әзірлеуі керек. Оның ішінде, білімін сынағысы келетіндерге арналған тестілеу жүйесі де болуы қажет. Байқаудың өтуіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстанның студенттер альянсы ұйытқы болды. Қайырымдылық ұйымдардың көмегімен жүлде қоры 1 млн-нан 3 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Шара екі күнге жалғасады.

Ілияс Түстікбаев, Қазақстан студенттер альянсының төрағасы:

- Бұл сумма мобильдік қосымша бойынша байқаудан жеңген және жобасын соңына дейін жеткізген, онлайн дүкендерге жүктеген командаға беріледі. Мобильдік қосымшаны бір жыл ішінде іске қосуға жоспарланған. Бұл тек биылғы жылы ғана тоқтамай, әрі қарай да өз жалғасын табады деген үміттеміз.