Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы мәртебесін алды

Информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған оқытушысы атанды.

Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің педагогі Қуаныш Мағауин Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырды және ол қазақстандық мұғалімдер арасында алғаш болып сертификат алды. Қуаныш Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және басқа да елдердің педагогтерімен бірге оқыды. Оқытушыларға арналған «Apple Certified Trainer» курстарын Apple компаниясы жыл сайын өткізеді.

Енді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда IT-индустрия, соның ішінде білім беру саласында да қарқынды дамып келеді. Біз электронды оқулықтар мен күнделіктер қолданатын, сондай-ақ емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильді қосымшаларды әзірлеудің негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді. Менің тобымда негізінен қосымшаларды әзірлеуде мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта мектепте оқушыларға арналған мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша курстар өткізіп, әріптестеріммен алған тәжірибеммен бөлісуді жоспарлап отырмын», – дейді информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.

Педагог Қуаныш Мағауиннің арқасында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де автоматты түрде берілді. Енді Қуаныш Мағауин жұмыс істейтін елордадағы Республикалық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушылардсертификаттап, оқу орнында Apple classroom зертханасын аша алады.

Сондай-ақ...