Қарағандыдағы қыздарға арналған білім-инновация лицейіне жатақхана керек

Қарағанды қаласындағы қыз балаларға арналған білім-инновация лицейіне жатақхана керек. Оны білім ошағына баратын балалардың ата-аналары салуға ниетті.

Бірақ заң талаптары тұсау болып тұр. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде көпшілік мәселені көтеріп, көмек сұрады.

Ведомство басшысы мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында жатақхана мен мектеп салуға мүдделі екенін жеткізді. 2025 жылға дейін 1 миллион оқушыны мектеппен қамтамасыз ету қажет. Балалар саны жыл сайын өсіп келеді, кейінгі он жылда 1 миллионға артқан. Жиында оқулық сапасын арттыру, білім бағдарламасын жетілдіру, мұғалімдердің біліктілігін көтеру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Жақыпбек Әнуарбеков, қала тұрғыны:

- Мектептің қасында жер жеткілікті. Сол жерді егер де бізге берсеңіздер, біз салуға дайынбыз. Бізді ГЧП-ға және финансовый центрге жіберді. Ол жерде заңда көрсетілген екен. Студенттерге жатақхана ГЧП-мен салуға болады және де басқа программалар бар екен. Ал мектеп қабырғасындағы жатақхана деген сөз жоқ екен. Соны заңға толықтырулар мен өзгертулер жасау керек екен. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Ол заңнамалық өзгерістер біріншіден. Екіншіден, оны біз қазір қаржы министрлігімен бірге қарауымыз керек. Біз ГЧП-ны тек ғана колледждер мен университеттердің жатақханаларына ғана емес, мектеп салу, соның ішінде мектептің жатақханаларын салу мәселесіне де қосымша енгізуіміз керек. Сондықтан осы жұмысты сіздермен бірге жүргіземіз.