Ата-аналар Алматыдағы НЗМ-ге грант бөлуді қайта қарауды сұрайды

Ата-аналар Алматы қаласындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне грант бөлуді қайта қарауды сұрайды. Балалары жоғары нәтиже көрсетсе де іріктеуден өте алмаған.

Мәселен, бір орынға қазақ сыныптарында 15, ал орыс сыныптарында 7 оқушы таласқан. Соған қарамастан екі жаққа да бірдей грант бөлінгеніне наразы.

Химия мен биологияны тереңдетіп оқытатын зияткерлік мектеп 7-сыныптан бастап қабылдайды. Биыл 2200-ден астам бала өтініш білдірген. Оның мың жарымы қазақ сыныбында білім алуды жөн көреді. Қалғандары орыс сыныбына құжат тапсырған. Іріктеу нәтижесінде жоғары балл алған қазақ сыныбының оқушылары оқуға түсе алмаған. 

Дархан Ардақұлы, қала тұрғыны:

- Орыс тобында 100-орында тұрған баланың ең төменгі жинаған балы қазақ тобындағы 100 емес, 140-баламен бірдей. Яғни 40 баладан секіріп тұр. 

Оған қоса ата-аналар «республикалық комиссия бала санын дұрыс есептемеген» дейді. Тек бір Алматының өзінде 33 мың 500-ге тарта бала 6-сыныпты тәмамдаған. Ал қала маңында орналасқан Алматы облысына қарайтын елді мекендер бұл тізімге кірмей қалған.

Руслан Амантаев, Алматы облысының тұрғыны:

- Біз Алматының іргесінде тұрып, НИШ-қа тапсырмағанда қайда барып тапсырады? Біздің баламыз 1161 балмен 117-орында қазақ сыныптарына гранттардың қысқаруына байланысты түсе алмай отырмыз. Ал орыс сыныптарына 1126 балмен түсіп жатыр.

Аида Бұқаева, қала тұрғыны:

- Төрт оқушысы бар ана ретіндегі ойым: я басқа мектептердің деңгейін барынша осы мектептің деңгейіне жеткізуіміз қерек, я Алматы қаласы мен Шымкент қалаларында тағы бір-бір мектеп салу керек.

Мектеп директорының айтуынша, 7-сыныпқа талапқа сай 200 бала ғана қабылданады. Орын қазақ, орыс сыныптарына теңдей бөлінген. Қазір мемлекеттік тілде оқығысы келетін, шекті балл жинаған 550-ге жуық бала резервке қойылды. Кезек оқу жылы бойы ғана сақталады. Кейін күшін жояды. Ал бала қабылдау мен қосымша сыныптар ашуды мектеп басшылығы шешпейді.

Гүлмира Мөңкебаева, химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

- Оны мен шешпеймін, біз шешпейміз, ол республикалық бөлім бюджет. Мен ештеңе шеше алмаймын. Оны бәрі біліп жатыр, республикалық комиссия оны біліп жатыр. Менде қазір орын жоқ. Мектеп 960 балаға  арналған. Қазір біз қабылдап жатырмыз мың баланы. Қазір ата-аналардың бәрінің өтініштерін жібердік, енді қазір сол республикалық комиссияның шешімін күтіп жатырмыз.

Ал ата-аналардың пікірінше, зияткерлік мектепте жоғары балл алған балалар ғана оқуы тиіс. Орыс-қазақ сыныптарының саны емтихан нәтижесі белгілі болғаннан кейін ғана бөлінуі керек.

Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев