Елордада мектептер аумағына жылыжай салынады

Жасыл мектеп. Дәл осындай атаумен елордада экологиялық жоба жүзеге асырыла бастады. Оның аясында Болат Өтемұратов қоры қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып, мектептер аумағына жылыжайлар салады. Оқушыларды бау-бақша егумен жақын таныстырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады. Дәл осындай жылыжайдың ағашқысы бүгін Абай Құнанбаев атындағы білім ордасында ашылды.

«Жасыл мектеп» жобасы былтыр Алматыдан бастау алды. Оның аясында 16 бірдей жылыжай қолданысқа берілген еді. Енді осы қарқынмен Нұр-Сұлтан қаласында 20-сын салу жоспарлап отыр. Осы мақсатта Болат Өтемұратов қоры жергілікті білім басқармасымен арнайы меморандум жасап, алғашқы жылыжайды Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясында салды. 

Бақытгүл Елшібаева, қоғамдық қордың атқарушы директоры:

- Бұл жылыжайлар полигалдан, поликарбонаттан салынған және Алматыда біз бір қабаттан жасасақ, қазір Астана қаласында 2 қабат полигалдан құрылысы жасалып отыр. Бұл жерде балаларға әртүрлі өсімдік өсіруге мүмкіндік береміз. Біздің бұл жобадағы серіктестік роліміз балаларға өсімдік өсіруді үйрету және мұғалімдерге бағдарлама бойынша жұмыс барысын көрсетіп, практикалық жағынан сүйемелдеу. 

Жылыжай аумағы 100 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде оқушылар құлпынай, қызанақ, қызылша және қияр сияқты әртүрлі жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіре алады.

Ілияс Мықтыбек, №87 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Жылыжайдың ашылуы балалардың биология және өсімдік шаруашылығы жағынан білімін және ойын арттыруға салынып отыр. Жаз бойы біз еккен көшеттеріміге қарап, суарып, күзге дейін өсіру біздің оқушылардың міндеті. 

Бастама өскелең ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауда белсенділігін арттырып, экологиялылық қағидаттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастырады дейді мамандар.

Аслан Қаженов, Аят Дүйсенбаев